Шымкентте праймериз үміткерлері арасында ашық пікірсайыс өтті. Оған қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Партияластар өз бағдарламаларын таныстырып, түрлі экономикалық, әлеуметтік, коммуналдық мәселелерді көтерді. Кандидаттардың көздегені не? Болашақ халық қалаулылары үшінші мегаполистің дамуына қалай үлес қоспақ?
Шымкентте дебат аса тартысты өтпесе де праймериз үміткерлері өздерінің бағдарламаларын жіті таныстыруға мүмкіндік алды. Айналасы 5 минуттың ішінде қатысушылар өз мақсат-мүдделерін аңғартты. Бірі кәсіпкер, енді бірі Ауған соғысының ардагері, көпбалалы аналардан құралған кандидаттардың көтерген мәселелері де әр алуан. Үшінші мегаполистің бас аурына айналған коммуналдық түйіткілдер де болашақ депуттардың бағдарламаларынан көрініс тауыпты.
Үміткерлер дебатына қала әкімі Мұрат Әйтенов те қатысты. Кандидаттардың ұсыныс-пікірлерін жіті тыңдап, праймеризге қатысты ойын білдірді.
Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Праймериздің арқасында партия халыққа жақындай түсті. Мұның берері мол».
Айта кетейік, праймеризге қала бойынша қазіргі таңда 173 азамат қатысуда. 7 қыркүйекте партияішілік іріктеудің екінші кезеңі — үгіт кезеңі басталды. Кандидаттар партияластарымен кездесіп, сайлау бағдарламаларын талқылады. Ондай шараларға 21 мыңнан астам партия мүшелері тартылыпты. Ашық пікірсайыстар 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Мақпал Рысбаева