Түлкібастық шаруалар жылына екі рет өнім алуда

188

Түлкібас ауданында қарқынды баудан бөлек, шаруашылықтар дәнді дақылдар мен көкөніс егумен айналысады.

Егістік алқаптарының мүмкіндіктерін толық пайдаланып жылына бір емес, екі өнім алуды жүйеге қойған.

Жаскешу ауылындағы «Ерсары» шаруа қожалығындағылар шуақты күндерді пайдаланып, қызанақты тез арада жинауға кіріскен. Ерте көктемде тыңайтылған 5 гектардай егіс алқабына сарымсақ пен картоп еккен. Ағымдағы жылдың маусым айының орта тұсында ол өнімді жинап алып, жерді қайта өндеп, 2 гектарына — қияр, қалғанына ақ желкен мен қызанақ егіпті. Қазіргі таңда еңбегінің жемісін көруде.

Сабыржан ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, Түлкібас ауданындағы «Ерсары» шаруашылығының мүшесі: «Бірінші егін сарымсақтан 20 тонна, ал картоптан 75 тонна өнім алдық. Сарымсақтың келісі 550 теңгеден, картоптың келісі 110 теңге. Бүгінгі таңда өнімдерімізді Сайрам ауданы мен Түлкібас ауданының базарларында  сатып жатырмыз.
Бүгінгі таңда қиярды егіс алқабынан 100-110 теңгеден, ал ақ желкеннің бір бумасын 100 теңгеден өткізіп жатырмыз».

Жалпы аудан аумағында 155 шаруа қожалық көктем мезгілінде 266 гектар жерге бірінші өнімі ретінде көкөніс, бұршақ дақылдарын және картоп егіп, 610,2 тонна өнім алған.

Шынар Оразова