М.Әйтеновтің аудан басшысына көңілі толмады

126

«Қалада құрылыс мәдениеті жоқ». Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді. Бүгін шаһар басшысы Әл Фараби ауданы әкімінің 9 айлық есебін тыңдады. Аудан басшысы атқарылған жұмыстармен қоса көптен шешімін күткен проблемаларды да жайып салды. Мұрат Дүйсенбекұлы аудан әкіміне қандай баға берді?

Аудан басшысының есебіне келе жатып жолда үйілген қоқысты көрген Шымкент әкімі ашулы. Мұндай проблемаларды айтуда Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов өзінің есептік баяндамасында да іркіп қалмады. Аудандағы апатты жағдайдағы үйлер, үш ауысымды мектептер мәселесі, ретсіз сауда, тағысын тағы… Қала басшысының ашуына тигені жол құрылысы кезіндегі қолайсыздықтар.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бізде құрылыс мәдениеті қалыптаспаған. Қаладағы жолы құрылысы алаңдары шашылып жатыр. Жұртқа қолайсыз».

Заңсыз сауда — ауданның бұрыннан келе жатқан проблемасы. Талай әкімнің тұсында көтерілген бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. Аудан басшысы мұны учаскелік инспекторлардың аздығынан деп ақталды.

Заңсыз сауда ғана емес, заңсыз құрылысқа да ауданда ешкім тосқауыл қоймай отыр. Осылай деген қала басшысы сәулет және қала құрылысын бақылау басқармасындағыларға шүйлікті.

Күні кеше біз көтерген 276 орамның жол мәселесі бүгінгі есепте де айтылды. Жылдар бойына сапалы жолға жарымай отырған тұрғындар шағымын қала әкімі жауаптыларға газ тарату мекемесімен бірлесіп шешуді тапсырды.

Ғабит Мәуленқұлов 9 ай ішінде атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей етіп баяндап берді. Қағаз жүзінде бәрі тап-тұйнақтай. Дегенмен, әлеуметтік желіде белсенді аудан басшысының бұқарамен байланысы нашар болып шықты.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Әкімдік алдына көпбалалы әйелдер жиналғанда аудан әкімдігінен бірде-бір адам келмеді. Мұндай мәселелер аудан әкімдігі деңгейінде шешілуі керек еді. Дер кезінде шешілмеген соң бізге жетіп жатады».

Қысқасы, Мұрат Әйтеновтің ауданда атқарылған жұмыстарға көңілі толмады. Басқасын айтпағанда, басты басымдықтардың бірі — салық жинаудың өзін шенеуніктер мандытпай отыр. Жергілікті халықтың көлік, мүлік салықтан берешегі шаш етектен. Айтқандай есептік жиынға арнайы шақырылған мемлекеттік кірістер саласына жауаптылар қала әкімінің бірнеше ескертуімен әрең келді.

Мақпал РЫСБАЕВА