Шымкент қаласы бойынша «Нұр Отан» партиясының праймеризіне дауыс беру нәтижелері белгілі болды.
Қалада ең көп дауыс жинаған үміткер — Ғани Ташқараев. Абай ауданынан сынға түскен ол партияның 7573 мүшесі берген дауыстың 73 пайызын жинаған. Ал Қаратау ауданы бойынша праймеризге қатысқан үміткер Аслан Әлімбек 7178 дауыс берушінің 55 пайызын жинады. Әл-Фараби ауданы бойынша үш кандидат ең көп 46 пайыздан дауыс жинаған. Еңбекші ауданы бойынша Байкен Аширбаев 42 пайыз дауысқа қол жеткізіп, көш бастады. Айта кетейік, саяси додада бірде бір дауыс жинамаған үміткерлер де бар.
Бахадыр Нарымбетов, «НұрОтан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Жеңісті де, жеңілісті де қабылдай білу керек. Ол ерлік. Жеңілдім деп ойламау керек. Праймеризде тәжірибе жинақтадым, әріптестеріме көзқарасымды, пікірімді білдіруге мүкіндік алдым. Шыңдалып, өзімді өзгелерге таныттым деп қабылдау керек деп ойлаймын».
Естеріңізге сала кетейік, праймеризге Шымкент қаласы бойынша 151 үміткер бақ сынады. Сыннан сүрінбей өткен 51 кандидатты партия өкілдері өздері таңдаса, 9-ын «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі таңдайды. 60 үміткердің 30-ы қалалық мәслихат депутаты атанбақ.
Шынар Оразова