Шымкентте пара алу бойынша қай сала мамандары көш бастап тұр?

311
фото 24.kz

Шымкентте парақорлар көшінен білім, денсаулық, құқық саласының қызметкерлері кетер емес. Осылай деген қаланың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің басшысы 9 айды қорытындылады. Сөзінше осы аралықта 36 қызметкер ауызбастырық алам деп абақтыға жабылған. Жалпы қозғалған қылмыс саны -102.

Айта кетейік, қазір қаладағы қос мектеп директоры пара алды деп жауапқа тартылып жатыр. Оның бірі №34 жалпы орта мектебінің басшысы. Ол карантин кезінде мұғалімдерді ақысыз демалысқа жібергені үшін күдікке ілінген. Ал, сәулет және құрылыс басқармасының басшысы 498 млн. теңге жымқырды деп айыпталуда.

Сондай-ақ, жуық арада 25 млн. теңге жымқырды деп күдікке ілінген облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері мен есепшісіне қатысты сот үкімі шықпақ. Ал, ардан аттағандарды құрықтауға көмектескен 5 шымкенттікке 1 млн. теңгеден табысталыпты.

                                                                                                 Назерке Үкібасова