30 жылдан кейін Түркістан қаласының халқы 500 мыңға жетеді

167

30 жылдан кейін Түркістан қаласының халқы 500 мыңға жетеді. Осылай деген аймақ әкімі бүгін Үкімет отырысында қаланың бас жоспарымен таныстырды. Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, екі жылда шаһар тұрғыны 10 мың адамға көбейген. Енді бұл көрсеткіш 2050 жылы 50 есе көбейеді дейді өңір басшысы.

«Бүгінде 19 627 гектарды алып жатқан Түркістан қаласының аумағы 5 жылда 22 370 гектарға жетеді». Сөзін осылай бастаған Өмірзақ Шөкеев шаһардың бас жоспарын баяндады. Үкімет отырысында сөз алған ол 30 жылда Түркістан халқы 500 мыңға жететінін айтады. Айта кетейік, қала тұрғындарының саны бүгінде 165 мыңнан асады.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «2019 жылы қаланың тұрғын үй қоры 3 млн 800 мың шаршы метрді құраса, оның басым бөлігі 1 қабатты үй-жайлар түрінде. 2025 жылы тұрғын үй қоры 6 млн 100 мың шаршы метрді құрайды. Ал, 2035 жылы 9 млн 800 мың шаршы метрі құрайды деп жоспарланып отыр».

Күн өткен сайын көркейіп жатқан қаланың алға қойған жоспары мұнымен бітпейді. Жауаптылар сөзінше мұндағы әкімшілік іскерлік нысан аумағы 1,5 гектарға жуықтайды. Бүгінде ондағы 14 нысан құрылысы аяқталған. Айта кетейік, меже бойынша мұнда 5 жұлдызды қонақүйдің 3-еуі бой көтеруі керек.

«Қала аумағы бойынша көлік жолайрықтары мен жол өткелдерінің саны 24-ке дейін ұлғайтылады. Автобус бағыттарының ұзақтығы 533 шақырымнан 850 шақырымға дейін артады. Халықаралық әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 250 жолаушыға, теміржол вокзалы тәулігіне 5000 жолаушыға, автовокзал тәулігіне 15 мың жолаушыға дейін болады».

Бұдан бөлек, 2025 жылы қаладағы мектептер қатарына тағы 15 білім ұясы қосылады. Ал, денсаулық сақтау объектілері тағы 10 нысанға артады.

Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан қаласының дамуына баса назар аударады. Түркістанның жаңадан дамуын тарихи құндылықтарды сақтай отырып, одан әрі көркеюін қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы қыркүйекте бас жоспар мақұладанған болатын».

Осылайша үкіметтің бүгінгі отырысында тарихи-мәдени астананың бас жоспары бекітілді.

Назерке Үкібасова