«Маймақов Ануарбек қылмыстық кодекстің 189 бабының 3-бөлігінің 1,2,3 тармақтарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын».
Өткен жылы ғана облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері болған Әнуарбек Маймақов бүгін сот алдында. Оған осы жылдың басында мемлекет қаржысын жымқырды деп айып тағылды. Алғашында 25 млн. теңгені қалтасына басты деп айыпталған оның кейін бұл қылмысты жалғыз жасамағаны белгілі болды. Қаратау аудандық сотының судьясы аталған қаржының тек 5 млн. теңгесін Маймақов есепшімен қоса жымқырғанын айтады.
Момбек ӘМІРБЕКОВ, Қаратау аудандық сотының судьясы: «Маймақов мырза 2019 жылдың наурыз айында 63-ке толды. Туып-өскен ауылына Түлкібас ауданына із қалдырайын деп 400 шырша сатып алады мемлекеттің қаржысына 4 млн. 800 мың теңгеге Нарбаеваға тапсырма береді. Артынша 1 млн.110 мың теңгеге өзінің баласының лексус машинасын жөндетуге жібереді, двигателін ауыстырады. Жүріс бөлігін ауыстырады. Соған 1 млн. 110 мың теңге жұмсаған».
Ал, ізім-ғайым жоқ болған 25 млн. теңгенің қалғаны есепші қалтасында кеткен. Осылай деген судья, жалпы бұл ақшаның аурухана жөндеуі үшін бөлінгенін айтады. Аталмыш соманы сотталушылар 1 жыл ішінде талан-таражға салып үлгерді дейді судья. Алайда, соттың бұл сөзімен сотталушылар келіспейді. Бірақ судьяның айтуынша, сотталушылар жымқырды делінген қаржы мемлекет есебіне өндіріліпті.
Сәкен ҚАСЫМБЕКОВ, Әнуарбек Маймақовтың қорғаушысы: «Тергеу барысында сотталған Нарбаеваның туған інісі Нарбаев Қанат сол жерде шаруа ісі бойынша бас дәрігер орынбасары болған маған тапсырма берілді сондықтан шыршаны сатып алуға мен көмектестім деді. Бірақ сот одан бас тартты. Оған қарамастан шырша бойынша айып тағылып отыр».
Осылайша істі жылға жуық майшаммен қараған мамандар ақыры сот шешімін шығарды. Мемлекет мүлкін жымқырды деп айыпталса да басшы мен есепші бас бостандығынан айрылған жоқ. Бұрынғы бас дәрігер 4 жыл 2 айға бас бостандығынан шектелсе, есепші 7 жылға шартты түрде мерзім алды. Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Назерке Үкібасова