Шымкент әкімі түрік елшісімен бірге көшет отырғызды

341

Шымкент әкімі мен Түркияның Қазақстандағы елшісі Шымшаһарда көшет отырғызды. Анадолы елінің «Ұлттық ағаш отырғызу күніне» орай өткізілген шараға Түрік ынтымақтастық агенттігінің өкілі де қатысты.

Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта шынар ағашын екті. «Үшінші мегаполисте жылына миллион ағаш отырғызылады» деген Мұрат Әйтенов алдағы жоспарларымен де бөлісті.


Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Ежелден жалғасқан бауырластық дипломатия, экономика, спорт, өнер секілді барлық салада да жалғасын табуда. Түрік еліндегі «Ұлттық ағаш егу» дәстүрі біздің елде көрініс тапқанына өте қуаныштымыз. Аталарымыз «жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген екен. Бүгінгі іс-шара түрік елінің бізге деген ілтипаты деп білемін. Түркиялық кәсіпкерлерді «Ескі қалашыққа» туризмді дамыту бойынша инвестиция салуды ұсынамын. Бүгінгі отырғызған ағаштар екі елдің барлық саласындағы ынтымағының нышанына айналсын».

Айта кетейік, Кездесу аясында «Болашаққа тыныс» акциясы басталды. Енді аталмыш шара барысында Шымшаһардың 2200 жылдығына орай 2200 түп ағаш отырғызылмақ.

  Назерке Үкібасова