Туған балаларын сабап келген жетісайлық ана табылды

247

Туған балаларын өлімші етіп сабап келді деп күдікке ілінген жетісайлық ана ақыры табылды. Безбүйрек әйелге кеше іздеу салынған болатын. Ол өзінің 7 айлық және 2 жасар балаларын алып, хабарсыз кеткен еді.

Келіншек табыла салысымен арнайы комиссия отырысына шақыртылған. Төрт баланың анасы «ұл-қыздарыма қолымның ұшы да тимеді» деп отыр. Алайда, кішкентайлардың денесіндегі жарақаттардың қайдан пайда болғанын білмейтін болып шықты.

Балалар өзімен қалады, үлкен екеуі интернатта жатыр. Медициналық сараптама жасалады деген айтады.

Естеріңізге сала өтейік, күні кеше жетісайлық ана ұл-қыздарын сабап, көшеге ақша тауып келуге жұмсайтыны туралы айтқан болатынбыз. Жақындарының айтуынша, күйеуімен ажырасқан әйел бар ашуын балаларынан алатын көрінеді.

Бесіктен белі шықпай жатып, туған анасынан қорлық көрген балалар бас сауғалап жан-жаққа қаша жөнеледі екен. Келіншектің үлкен ұлы мен қызы аналары таяқтың астына алып қана қоймай, тіпті тамақ бермей, аш қалдыратынын айтып көз жасын тыя алмады.

Төрт баланың тағдырына алаңдаған қатыгез ананың әпкесі пагондыларға шағым түсірген. Полиция өкілдері арызды қайтарып алған жағдайда да істі соңына дейін жеткізуге білек-сыбана кірісіп отыр. Келіншектің әрекеті дәлелденсе, ол аналық құқығынан айырылып қана қоймай, 7 жылға дейін қамалуы мүмкін.

 Ғалымжан Кенжебек