«Өтініш, көмектесіңіздерші. Үйге барсам тағы да ұрады». Бұл Жетісайдағы кәмелет жасқа толмаған екі бүлдіршіннің жанайқайы. Олар шешесімен қалған қос бауырын уайымдайды.
Айтуларынша, безбүйрек ана ұл-қыздарын күнде өлімші етіп сабап, көшеге ақша тауып келуге қуып жібереді екен. 15 жастағы үлкен ұлы ауыр жұмыстарды істеп, тапқан азын-аулақ ақшасын анама әкеліп беремін дейді. Ондағы бар ойы, өзі мен бауырларына таяқ тимесе дейді. Туған шешесінен безінген бала көз жасын да тыя алмады.
«Ақша жоқ болса ұрады мені. Мысалы 3500 теңге алып келемін, бәрін мама ұрып-ұрып алып қояды. Жұмыс іздеп табам, зарядчик тасимын, ауыр нәрселерді істеймін күніне. Ақша тапқандағы ниетім қарындастарыма киім әперу» , — дейді.
Бесіктен белдері шықпай жатып, туған анасынан қорлық көрген балалар бас сауғалап жан-жаққа қашады. Жақындарының айтуынша, күйеуімен ажырасқан әйел, бар ашуын балаларынан алатын көрінеді. Балаларының үлкені 15 жаста болса, ортаншылары 12 және 2 жаста, ал кенжесі бар жоғы 7 айлық шақалақ. Безбүйрек ана ұл-қызын көк ала торғайдай сабап, әрі шақалаққа шапалақпен қаратып қоюды әдетке айналдырыпты. Ал сабақ оқуға мүлдем жағдайы жоқ балалар, соңғы рет қашан ыстық тамақ ішкендерін білмейді. Жетісайдың жанашыр кей тұрғындары күннің суығында далада тентіреп жүрген балаларға киім-кешек әперіп, қолдан келгенше қорғаймыз дейді.
Жетісай қаласының тұрғыны: «Төртеуіне үкімет ақша береді. 70-80 мың теңге. Сол ақшаға мамасы мыналарға ештеңе алып бермейді. Барады да дүкеннен шұжық, тамақты толтырып алып өзі жейді. Балаларға бермейді. «Доширак» әперіп қойып соны жеп жата беріңдер дейді».
Ал, балаларын аяусыз ұратын әйелдің әпкесі кішкентайлар өміріне алаңдап пагондыларға шағым түсіріпті. Алайда, тілшілермен ашық сұхбаттасуға құлықсыз. Полицейлер іштен жарып шыққан ұл-қызын құлдан жаман ұстайтын безбүйрек әйелдің баспанасына барып таба алмадық деп отыр. Жалдамалы үйдің ішінде жағымсыз иіс пен қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес.
Нұрболат ОРМАНОВ, Жетісай аудандық полция бөлімінің инспекторы: «Ұрып соққаны туралы хабарлама келіп түсті. Ол базаға тіркеліп, қазіргі таңда сот сараптамасы тағайындалды. Сол сараптама қортындысын күтудеміз. Соған сәйкес, әкімшілік қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес сотқа жолданатын болады. Және жинақталған іс құжаттарды ювеналды полицияға және әкімшілікке жібереміз».
Осыған дейін көз алдындағы болып жатқанды «көрмедік-білмедік» деген шенеуніктер енді баланың құқығын қорғайық деп шыр-пыр. Ауданның ақ жағалылары тіпті шұғыл жиын өткізіп, балаларға барынша жағдай жасаймыз деп ант-су ішті.
Ербол ЖАҢҒАЗИЕВ, Жетісай қаласы әкімінің орынбасары: «7-8 сынып оқушылары мектеп интернатта оқып жүрген, сол интернаттан мамандар келіп сол жерге жайғастырамыз. Ал анасы бойынша полиция басқармасына тапсырма берілді. Қазір қай жерге кеткені анықталуда.7 айлық бүлдіршін мен 3 жастағы баласы өз қолында. Оларды тапқан жағдайда комиссия тағы қараймыз. Интернаттың сынып жетекшілерінің айтуынша, анасының шамалы ауытқушылықтары бар».
Туған ұл-қызының тәтті балалық шағын қорқынышты киноға айналдырған безбүйрек анаға іздеу салынды. Жетісайлық әйел екі жасар және жеті айлық баласын өзімен бірге алакетіпті. Ал, ес білгелі тек таяқ көрген балалардың тағдырын енді құзырлы орындар шешетін болады.
Ғалымжан Кенжебек