Атаулы әлеуметтік көмек – бұл жәрдемақы емес, табысы аз отбасылардың қаржылық жағдайын жақсартуға және дағдарысты еңсеру үшін олардың ресурстарын ынталандыруға бағытталған қиын жағдайға тап болған азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау болып табылады.
АӘК көрсетудің негізгі критерийі – жан басына шаққандағы табыстың өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болуы қажет. АӘК тағайындау өтініш берілген айдан басталады. Қаламыз бойынша құжаттар 2020 жыл басынан бері қабылданып жатқаны белгілі.
Сонымен қатар, АӘК тағайындау кезіндегі маңызды талаптардың бірі жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысуы болып табылады. Осы орайда, Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту бағытында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 29 611 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқу бағытында 4 386 адам оқуға жолданып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 6 802 адам жұмысқа орналасты. Ал халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 18 423 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілген.
Айта кетейік, жыл басынан бері мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 29 071 отбасы, яғни, 145 631 адам қол жеткізген.