Коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер көбейді ме?

125

Түркістан облысының тұрғыны Жанар Наханова 4-ші рет ана атанғалы жүр. Жүктілігін карантин кезінде білген ол қатерлі індеттен қорыққанын жасырмайды. Және вирустан аулақ жүру үшін қоғамдық орынға көп шықпадым дейді. Енді міне, ай-күні жақындап, дәрігерлер кеңесін алуға келіпті.

Жанар НАХАНОВА, жүкті әйел: «Декретке шыққасын үйде отырдық. Ешқайда шыққан жоқпыз. Көпшілік баратын орындарға барған жоқпыз. Үйде сол өзіміздің қауіпсіздік шараларымызды жасап үйде отырдық. Тексерілуге баратын болсақ, масканы тағып, қолдан келгенше сақтық шараларын жасап жүрміз».

Айта кетейік, пандемия басталғалы бері Түркістан облысында — 128, ал Шымкентте 140 жүкті әйелден коронавирус анықталған. Өкінішке орай, мегаполистегі аяғы ауыр келіншектердің 12-сі өмірден өтті. Осылай деген ақ халаттылар ауыр аяқ әйелдерді сақ жүруге шақырады. Орайы келсе бетпердені шешпей, қолды жиі жууға кеңес береді. Және той-томалақтан аулақ жүруге шақырды.

Айнұр СЕГІЗБАЕВА, дәрігер: «Өзін өзі қорғаудың ең қарапайым әдісі қолды жиі жуу. Сабынмен жуудың өзі жеткілікті. Бөлмеге таза ауамен ұдайы желдетіп тұру. Қозғалыста болу керек. Жүкті әйелдер жұқтырып алудың жоғары рискісіне кіреді. Өйткені ол әйелдерде бірден екі адамға қызмет ететін болғасын оларда оттегі сұранысы жоғары болады».

Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 4 жүкті келіншек коронавирустан емделіп жатыр. Оның үшеуінен вирустық инфекция анықталса, бірі пневмониялық коронавирусқа шалдыққан. Ал, Шымкент бойынша бұл көрсеткіш кішкене төмен. Қалада екіқабат екі келіншек қатерлі індеттен емделуде.

Бақытжан ПОЗИЛОВ, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Қазіргі таңда бізде екі жүкті әйел коронавируспен ауырып жатыр. Жағдайлары жақсы. Олар қазір ауруханада. Олар байланыста болған. Ол бойынша бізде эпидемиологиялық тексеру болып жатыр. Кіммен байланыста болған. Қалай болған. Ең бастысы, олардың қазір жағдайлары жақсы. Қалалық инфекциялық ауруханада жатыр».

Жалпы бүгінгі таңда күнгей өңір мен қаладағы эпидемиологиялық ахуал жасыл деңгейде. Алайда, бұл босаңсуға еш себеп емес дейді ақ халаттылар. Мәселен, өткен аптада ғана Шымкентте бір үйдің 5 адамынан вирус анықталған. Бүгінде олар жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр екен.

Назерке Үкібасова