Мұқтаж жандарға ақысыз кеңес беретін заңгер

182

Көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған азаматтар заң жөнінде ақысыз кеңес ала алады. Бұл мүмкіндікті қаланың “Еріктілер қозғалысының” мүшесі ұсынады.

Әр сенбіде әлеуметтік осал топтағы жандарға қызмет көрсететіндердің көмегі мұнымен шектелмейді. Игі бастаманы қолға алған волонтерлердің тағы қандай ерекшелігі бар?!Кімдер, қайда барып көмекке жүгіне алады?

36 жастағы Индира Әлмұханованың құжаттарынан тек туу туралы куәлігі ғана болған. Есесіне еріктілер клубы оның алғашқы жеке куәлігін алуға көмек қолдарын созған. Бірнеше ай бойы олар осы шағын бөлмеде заңгерлік қызметке жүгінуге қаражаты жетпегендерге және іс қағаздарын жүргізуге көмекке мұқтаж жандарға ақысыз негізде кеңес беріп келеді.

Индира ӘЛМҰХАНҚЫЗЫ, Шымкент қаласының тұрғыны: “Маған қажетті құжаттардың тізімін жазып берді. Қаратау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына барып өткізіп, құжатымды алдым. Қолымда құжатым жоқ кезде, автобуста отырып біз сияқты жандарға тегін көмектесеміз деген хабарландыруды оқып қалдым. Бірден көрсетілген телефон номеріне хабарласып, мәселемді оңай шештім. Осы уақытқа дейін жан-жаққа сандалып жүрген едім”.

Заңгер Индира Сейітованың сөзіне қарағанда, тұрғындардың басым көпшілігі мүгедектікті тіркеу мен мемлекеттік төлемдер жайында білгісі келіп, осы сұрақтар бойынша көмекке көп жүгінеді. Сондай-ақ, ол егде кісілер мен тұрмысы төмен отбасындағылар құжат толтырғанда қателікке көп бой алдыратынын алға тартады. Индира әр сенбі сайын құжаттандыру бойынша шымкенттіктерге тегін әрі жылдам кеңес беріп, жол сілтеп жүр.

Аптасына бір рет кеңес беріп, ардагерлерге, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүгедектерге және қорғаушыға мұқтаж адамдарға есігіміз ашық дейді заңгер. Ең қызығы, көрсетілген қызметтеріне бір тиын да алмайды.

«Шымкенттің еріктілері» қозғалысының белсенді мүшесі Гүзал Әуелбекова адвокатқа күніне бес адамға дейін жүгінетіндігін және мұнда кәсіби психологтан да кеңес алуға болатындығын атап өтті.

Гузаль ӘУЕЛБЕКОВА, «Шымкенттің еріктілері» қозғалысының белсенді мүшесі: «Халық тарапынан түсіп жатқан сұрақтар легі өте көп. Қандай құжат керектігінен бастап, қайда өткізу керек екендігіне дейін түсіндіріледі. Еріктілердің арасында да білікті заңгерлікті меңгергендері барына біз де қуаныштымыз. Тегін қызмет көрсетеді, бірақ жұмысқа байланысты тек сенбі күні халыққа қызмет көрсете аламыз».

Әзірге адвокаттық кеңсе деп айтуға келмейтін бұл бөлмеде сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін тегін киім-кешек те үлестіріледі. Осылайша, бұл жерге келген мұқтаж жандар қос көмекті де игілігіне қолдана алады.

Нұрлан Сұлтанбек