Шымкент қаласында «Төлем» карта жүйесінің екінші фронт офисі ашылды. Әл-фараби алаңында орналасқан орталық адамдар жиі жүретін жер болғандықтан арнайы таңдап алынған.
Енді тұрғындар бұл орыннан аптасына жеті күн бойы қызмет алуға мүмкіндіктері бар. Қазірдің өзінде қала бойынша төлем картасын қолданатындардың саны 150 мыңнан асқан. Ал, жаңа жүйеге жауаптылар қоғамдық көліктерде валидаторлардың дұрыс жұмыс істемеуін жоққа шығармады. Алайда, бұл қателіктер қаланың шет жағында интернеттің дұрыс жұмыс істемеуінің салдары деп отыр.
Енді офлайн форматта да төлем жасауға болады. Сондай-ақ, төлем картасы енгізілгеннен бері жұмыссыз қалған кондукторлар енді тексеруші ретінде жұмысқа орналаса алады.
Ержан ЖОЛДАСОВ, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Қазір түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Енді келесі жылдың ақпан айынан бастап, біз тексеруді бастаймыз. Жолаушы ақы төлеуден жалтарған жағдайда әкімшілік кодекстің 2 айлық есептік көрсеткішінде төлеуі тиіс, аппарат істемеген жағдайда жолаушы тегін жүруге болады деген ұсыныс енгізіп жатырмыз. Ал кондукторлар бізге келсін біз жұмысқа аламыз».
Төлем картасы қолданысқа енгізілген күннен бастап орташа есеппен күніне 40-50 шағым келетін көрінеді. Жолаушылардың басым бөлігі терминалдың дұрыс жұмыс істемеуіне арызданады екен. Ал, ондай олқылықтардың орнын 1 сағат ішінде шешіп береміз дейді жауаптылар.
Ғалымжан Кенжебек