Сайлауда сақтық шараларын сақтау үшін 30,2 млн. теңгеге медициналық заттар сатып алынған

172

Келер жылы 10-шы қаңтарда өтетін  сайлауда коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында санитарлық талаптар қатаң сақталынады.

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің  берген  мәліметі бойынша бүгінде  сайлауда сақтық шараларын сақтау үшін 30 млн. 200 мың теңгеге  медициналық заттар сатып алынған. Облыстағы 911 учаскелік сайлау комиссияларында 6 мың 328 комиссия мүшесіне 3 сағат сайын бетперделерін ауыстыруға 210 мың  бетперде сатып алынған. Дәл осындай көлемде арнайы маскащиттер сатып алынған. Бұдан бөлек, медициналық қолғаптар мен  санитайзерлер, әрбір сайлаушыны  бір  қаламсаппен қамту  қарастырылған.

Айта кететін жәйт, әрбір сайлау учаскесінің кіре берісінде дезинфекциялық  дәліздер орнату жергілікті  әкімдіктерге  міндеттелген.

Сонымен қатар, сайлау күні  комиссия мүшелері, сайлаушылар мен бақылаушылардың қашықтықты сақтап өз міндеттерін орындауына жағдай жасалынуы тиіс.

Сайлауға Түркістан облысында 1 млн. 156 мыңнан астам сайлаушы қатысады деп күтілуде.

Сайлауда санитарлық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету  мақсатында  қарашаның 30-на Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы  денсаулық сақтау  басқармасы, облыстық бас санитар-дәрігерімен бірігіп  алқалы жиын өткізген.  Онда учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне  сақтық шараларын  қатаң  орындау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Шынар Оразова