Сарыағаштағы жылыжайда жылына 12 млн. дана көшет өндіріледі

206

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы жылыжай елімізді көшетпен қамтып отыр. Осыдан 2 жыл бұрын ашылған кешенде қазір 60-қа жуық маман жұмыс істейді. Олар жылына 12 млн. дана көшетті сатылымға шығарады екен. Осылай деген бағбандар бұл үшін мемлекеттен бір тиын да алмағанын айтады.

Тұрсын Досходжаевтың бағбандықты қолға алғанына – 3 жыл. 2017 жылы ол Сарыағаштан жылыжай ашып, көшет өсіруді бастаған. Енді міне, кешен күн санап кеңейіп, бүгінде аумағы 12 га жетіпті. Қазір мұнда қызанақ, қияр, құлпынай, баялдыр мен түрлі гүл көшеттері өсіріледі.

Тұрсын ДОСХОДЖАЕВ, кәсіпкер: «Тапсырыс бойынша істейміз. Кім қандай көшетке тапсырыс берсе, соны дайындап береміз. Мерзімі 45 күнде дайын болады. Көшетке қарап белгіленеді барлығы. Мемлекеттен қазірше ешқандай қолдау көрген жоқпыз. Субсидия аламыз ба деген әрекетіміз бар. Алған жоқпыз. Соның әрекетіндеміз».

Сарыағаштағы жылыжай жұмысымен танысуға бұл жолы Түркістан облысының әкімі арнайы барды. Және бағбандар ісіне оң бағасын берді. Бүгінде кешенде 60-қа жуық маман қызмет атқарады. Солардың бірі – Күләш Аңдарова. Жылыжайға 2 жыл бұрын келген ол алғашында саланы мүлде білмегенін айтады.

Күләш АҢДАРОВА, жылыжай қызметкері: «Біз екі жылдан бері көшетхана ашылғалы жұмыс істеп жүрміз. Осы жерден үйрендік бәрін. Қазір қызанақты шахматтап жатырмын. Сонда оның түбі жуандайды. Шахмат болғанда түбі жуандап шығады».

Айта кетейік, жылыжай құрылысы үшін кәсіпкер 600 млн. теңге жұмсаған. Мұндағы көшеттер субүрку құрылғысы арқылы суғарылады. Агроорталық жылына 12 млн. дана көшет шығаруға қауқарлы.

Назерке Үкібасова