Шымкенттің іскер әйелдері бір алаңда бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Олар бизнесті дамыту жолдарын талқылап, жаңа идеялар мен шабыт алды. Бүгінде қаладағы кәсіпкерлікте әйелдердің үлесі айтарлықтай жоғарылаған. Ал сол нәзік жандылар көбіне қай салада табысқа жетіп жүр?
Шымкенттегі кәсіпкерлердің басым бөлігі – әйелдер. Қазір олардың саладағы үлесі 56 пайызды құрап отыр. Осыған орай бүгін қаламыздағы нәзік те іскер жандардың табысты тәжірибесін насихаттау мақсатында интерактивті тренинг өтті. Жиынға түрлі салада еңбек етіп жүрген, жас кәсіпкерлер де қатысты.
Диана Рысбек, жеке кәсіпкер: «Күнде кешкі уақыттарда мен торт пісіремін. Және оны магазиндерге сату мақсатында өткіземін. Күнделікті бизнес ретінде. Және осы саланы ары қарай дамыту үшін тренингке келдім. Яғни, даму бойынша, бизнесімді дамыту мақсатында, мемлекеттен көмек алу мақсатында келдім. Өзіме өте көп құнды ақпараттар алдым»
Тренинг барысында қатысушылар бизнес әлеміндегі жаңа мүмкіндіктермен танысты.
Жиында іскер ханымдарға арналған нақты бағдарламалар, қаржылық қолдау тетіктері мен табысқа жетудің жолдары талқыланды. Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық Палатасы мен «Halyk Bank» өкілдері кәсіпкер әйелдерге арналған жеңілдетілген несие мен оқыту бағдарламаларын ұсынды.
Асылбек Келдібаев, «HALYK BANK» АҚ ШҚФ директорының орынбасары: «Егер кәсіпкер келетін болса бізге мин сома 500 мың теңгеден басталады. Макс сумма жобаға байланысты болады. Егер кәсіпкердің табысы, кепілі жететін болса бізде сома шектелмейді. Мүмкіндігінше кез-келген соманы бере береміз. Одан бізде шектеу жоқ. Ең бастысы бізде несие тарихы дұрыс болса, ол несие алуды жеңілдетеді»
Бұл шараның басты мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік пен қаржылық сауаттылығын арттырып, олардың іскерлік қабілетін жетілдіру. Сонымен қатар, табысты кәсіпкерлік тәжірибелерді насихаттау да жиынның маңызды бөлігі болды. Өйткені әйелдердің іскерлік әлеуеті – қоғамның тұрақты дамуы мен экономикалық өркендеуінің басты қозғаушы күші дейді ұйымдастырушылар.
Наргиза Керімбаева, «AMANAT» партиясы ШҚФжанындағы әйелдер қанатының төрайымы: «Шымкентте әйелдер басқаратын бизнестің қарқыны ерекше. Кофеханалар, кулинария саласы, тігін және өндіріс бағыттары, сауда – барлығында да әйелдер белсенділік танытып келеді. Бүгінгі тренинг – өз ісін бастауға, жаңа идеяларын жүзеге асыруға және табысты кәсіпкер болуға ұмтылған әрбір әйел үшін үлкен мүмкіндік»
Іс-шараның қорытынды бөлімі ашық әрі еркін әңгіме форматында өтті. Қатысушылар өз сұрақтарын қойып, тәжірибелі спикерлерден бизнесті дамытуға қатысты құнды кеңестер алды.
Лаура Бабас






