Шымкенттік дәрігерлер жаңа туған нәрестеге күрделі ота жасап, өмірін сақтап қалды

353

Шымкенттік дәрігерлер жаңа туған нәрестеге күрделі ота жасап, өмірін сақтап қалды. Екі күндік сәбидің бірнеше туа бітті ақаулары болған.

Туғанына екі күн болған шақалаққа дәрігерлер орталық жүйке жүйесінің туа бітті ақауы, туа бітті жұлын жарығы, екіншілік гидроцефалия, екіншілік гидронефроз диагнозын қойған. Ауыр дертпен туған сәбиді дәрігерлер шұғыл түрде қалалық клиникалық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырған.

Мұндағы мамандар нәрестені тексеріп, өмірін аман алып қалу үшін шұғыл түрде операция жасады. Отаны аурухананың нейрохирругтары Кокшибаев Самат, Абдуллаев Таңсық, анестезиолог Айдинова Гүлжан, медбике Хайдарова Улбала, анестезист медбике Усманова Лаура секілді білікті мамандарынан құралған дәрігерлер командасы жасап шықты.

Ота кезінде хирургтар нәрестенің арқа жарығын хирургиялық жолмен кесіп алып, жарақат орнын жабу үшін өз терісін пластикалық жолмен қондырды. Екі сағатқа жуық өткен ота сәтті шығып, медицина мамандары сәбидің өміріне төнген қауіпті алдын алды.

«Ота кезінде жұлын жарығын және жұлынның қабаттарын жинап, тігіс салдық. Енді баланың емі әрі қарай жалғасуы керек. Ары қарай КТ тексеру жасап, қажеттілікке байланысты хирругиялық емдер жасалады», — дейді қалалық клиникалық балалар ауруханасының нейрохирургі Самат Кокшибаев.

Айта кетейік, мұндай нейрохирургиялық оталар алдын облыстық балалар ауруханасында жасалатын. Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында нейрохирургия бөлімшесі ашылғалы бері, орталық нерв жүйесінің туа бітті ақаулары бар балаларға медициналық қызмет көрсетеді.