Түркістан: Елді мекендер жоғары жылдамдықты интернетке қосылуда

152

 

Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппараттық жиында баяндалды. Отарыста талқыланған өзекті мәселелердің бірі «өңірдегі мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту мәселелері» болды.

Мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін қадағалау комиссиясының атқарып жатқан жұмыстарына, қандай қағидаларды ұстанатыны және комиссияның функцияларына шолу жасалынды. Комиссияның атқарып жатқан жұмыстарын жетілдіру мақсатында бірнеше ұсыныстар айтылды. Облыс әкімі жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға жауапты басқармаларға айтылған ұсыныстарды жұмысқа алып, алдағы уақытта комиссияның жұмысының қарқынын күшейтуді тапсырды.

Аппараттық жиында облыстағы барлық елдімекен халқын байланыс және интернет жүйесімен қамтамасыз ету бойынша баяндалды. Үкімет пен ұялы байланыс операторлары арасында Меморандум аясында жыл соңына дейін 80 ауылға ұялы байланыспен қамту жоспарланған. Сондай-ақ атқарылған жұмыстар аясында 264 ауыл немесе 642 мемлекеттік ұйым (мектептер, балабақшалар, полиция бекеттері, әкімдіктер) оптикалық интернетке қосылған. Алдағы уақытта олардың қатарын көбейту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары бірнеше кезеңге бөлінген. Туындаған қиындықтарға қатысты 109 нөмірі бойынша байланыс орталығы іске қосылды. Осы уақыт ішінде байланыс сапасы бойынша облыс тұрғындарынан шамамен 1518 қоңырау түскен. Өтініштердің көпшілігі облыстың оңтүстігінде халық тығыз қоныстанған 29 ауылдан түскен. Ауылдарға интернет-радиорелейлік байланыс орнату арқылы мәселе шешілмек. Мамандардың есептеуі бойынша ол үшін әр ауылға шамамен 9,65 миллион теңге қаражат қажет. Жұмыстар жалғасуда.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі