Түркістан облысы: «Жасыл» аймақта…

139

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің елдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау көрсеткіштері бойынша Түркістан облысы «жасыл аймақ» деңгейінде тұр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

Оның сөзінше, өңірде 1 тамыз бен 7 желтоқсан аралығында пневмония ауруымен 873, ал COVID-19 індетін жұқтырған 3517 жағдай тіркелген.

«Өңірімізде бүгінге дейін коронавирус індетін жұқтырғандың 1332-сі симптомды, 2185-і симптомсыз жағдайдағы науқастар. Оның бүгінде 3415-сі стационарда және үй жағдайында емделіп шықты. Қазіргі таңда 10 адам стационарлық ем қабылдап жатыр, 44 азамат амбулаториялық жағдайда емделуде. Қарым-қатынаста болған 231 адам медициналық бақылауда», – деді Н.Нұрбеков.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов коронавирус індетінің екінші толқынына өңіріміз толыққанды дайын екенін айтты.

«Бүгінде облысымызда 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсек орын ұйымдастырылған. Қажеттілік туындаған жағдайда төсек-орын санын 5610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Ауруханалар 2 айға жететін дәрі-дәрмек қорымен және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Түркістан қаласында жыл соңына дейін 200 орындық жаңа инфекциялық аурухананы пайдалануға беру жоспарлануда», – деді басқарма басшысы.

Бүгінде өңір тұрғындарын дәрілік заттармен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бөлшек сауда дәріханалары арқылы жергілікті тұрақтандыру қоры құрылып, облыс бюджеті есебінен 349 млн. теңге бөлінген.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі