2 миллион теңгенің алтынын ұрлап кетті

116
фото depositphotos.com

Сайрам АПБ-не жергілікті тұрғын әйел арызданып келеді. Ол өзінің арызында кешкі уақытта белгісіз біреулер үйге кіріп жалпы құны 1 миллион теңгеден астам болатын алтын сырғаларын, сондай-ақ 300.000 теңге болатын 3 дана алтын білезігі мен басқа да бағалы бұйымдарын ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 2 миллион теңгеден асты.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, бірден іздестіру жұмыстарына кірісіп кетті. Тәртіп сақшылары жан-жақты тексеріп, көрген білгендерден сұрайды. Оқиға болған жерде бейнекамера болмаған. Алайда, полицейлер қырағылық танытып, ақпарат көздері арқылы әккі ұрыны 4 тәулік ішінде тұрғылықты мекенжайынан ұстап бөлімшеге жеткізеді.

Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жас жігіт қылмысты алдын ала ойластырған. Сонымен қатар тергеу үстінде күдікті ұрлықты тоқтатпай, бұдан да басқа 4 үйге ұрлыққа түсіп, тұрғындарға үлкен көлемде шығын келтіргені белгілі болды. Күдікті азамат бұрын, дәл осындай ұрлықпен 2 рет сотты болғаны анықталды. Қазіргі таңда қамауда.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сіздің мүлігіңізге қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін терезелер мен есіктерді темір торлармен және сенімді құлыптармен бекіту керек., Тіпті аз уақытқа болсын үйден шықсаңыз, сыртқы есіктер мен терезелерін мықтап жауып жүріңіз. Сондай-ақ мүмкіндігінше үйлер мен кіреберістерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыз. Пәтер ұрлығы болған жағдайда жедел түрде «102» телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет, бұл полиция қызметкерлеріне қылмысты «ізін суытпай»ашуға көмектеседі.