27 жастағы кәсіпкер өлімі: Сот процесі басталды

271

Отбасылы келіншекпен көңіл қосқан азаматты жазалаймын деп жауапқа тартылып отыр. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында орын алған шулы істің сот отырысы басталды.

Айыпталушылар қатарында келіншектің туыстары. Олар былтыр көктемде отбасылы қарындасымен көңілдес болған жас жігітті соққыға жықты деп күдікке ілініп отыр. Осыдан кейін араға 4 күн салып 27 жастағы кәсіпкер жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Махаббат хикаясының қайғылы нүктесі былтыр көктемде қойылған. Өзі де отбасылы Әуезхан Баймырзаев көпбалалы анамен жасырын түрде кездесіп жүріпті. Белгілі болғандай кәсіпкер тіпті ол үшін пәтер де сатып алған көрінеді. Ал, келіншек өз жанұясынан бас тартып, жаңа үйге көшіп баруға дайын болған екен.

Бұл масқараны естіген келіншектің туыстары бірден шу шығарған. Және Әуезханды кездесуге шақырып, сол жерде соққыға жығыпты. Жарақат кесірінен жансақтау бөліміне түскен кәсіпкер 4 күннен кейін көз жұмды. Оны мүгедек ағасының көзінше ұрған екен. Арбаға таңылған Болат Маймырзаевтың айтуынша, інісіне 6 адам жабылған. Бірақ, неге екені белгісіз айыптау орнында екі адам отыр.

Құрманғазы МҮСІР, жәбірленуші тараптың заңды өкілі: «Прокуратура да, мемлекеттік айыптаушы мен жауапқа тартылғандардың айтуынша екі адам ғана жабылған. Ал, қалғандары тек қарап тұрған. Оның ішінде достары, сотталушының туған ағасы, құдасы бар. Бәрі де физикалық тұрғыда мықты азаматтар».

Жәбірленуші тарап тергеп-тексерудің объективті болмағанын, қылмыстың қасақана жасалғанын дәлелдеуге тырысып бағуда. Бірақ, сот олардың бұл талпынысын сол күйі қанағаттандырмапты.

Назерке Үкібасова