Көпбалалы ана кәсіп ашты

159

«Кәсібін ашамын деген азаматқа бүгінде мемлекет тарапынан қолдау бар»,- дейді жас кәсіпкер Динара Балғабаева.

Шымкенттің іргесіндегі Ақжар ауылында тұратын көпбалалы отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, кәсібін дөңгелетуде. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама жайлы толығырақ алдағы бейнематериалда.

4 баланың анасы Динара декреттік демалыста, қолы тигенде отбасылық кәсіптері — асханаға келіп көмегін аямайды.

Динара БАЛҒАБАЕВА, Ақжар ауылының тұрғыны: «Автонұр» базарында жұмыс істеп жүргенімізде күйеуім  өз ісімізді ашсақ деп армандайтын.  «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау  бекетіндегі мамандардан кеңес алып, кейін несие алдық. Наурыз айында асхана ашылғанда, жұмыс барысына коронавирусқа байланысты карантин әсерін тигізді. Бірақ қиын болса да жұмысымызды тоқтатпадық, алға ұмтылдық, «Даму» қорынан 6 млн. теңге алдық».

Жас отбасы асхана орналасқан ғимараттың бір бөлігінде азық-түлік дүкенін ашуды жоспарлауда. Бұл армандарының да орындалатынына күмәнданбайды.

Динара БАЛҒАБАЕВА, Ақжар аулының тұрғыны: «Міне, жұмыспен қамту орталығының мамандары келіп барлығын түсіндіріп берді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 555 мың теңге мөлшерінде қайтарымсыз грант алмақпыз. Өз кәсібін ашамын деген азаматтарға  «қорықпаңдар, ынталанып, әрекет жасаңыздар, қазір көп бағдарламалар бар» деп айтар едім».

«Өз ісімді ашамын деген азаматтарға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау көрсетіледі»,- деп ескертеді сала мамандары.
Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ. Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы: «Аталған бағдарлама бойынша азаматтар үш бағыт бойынша жұмыспен қамтылады: Кәсіпкерлікке үйрету оқу курстары, грант беру арқылы азаматтардың өз ісін ашуына қолдау көрсету, шағын және орта бизнесті дамытуға жеңілдетілген несие беру  арқылы  азаматтардың кәсібін ашып, дөңгелетуіне жағдай жасау. Мемлекеттік бағдарлама бойынша былтыр, яғни  2020 жылы 4800 азаматқа грант берілді, кәсіпкерлікке 3000 адам оқытылды. Кәсібін ашамын деген 74 адам несие алды».

«Еңбек» бағдарламасы ағымдағы жылы да жалғасады. Мемлекеттік бағдарлама жайлы толық ақапарат аламын десеңіз, «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандарымен жолығыңыз.

Шынар Оразова