Материалдық-техникалық базаны 72,5 пайызға дейін жақсарту жоспарлануда

101

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов 2021 жылғы атқарылатын жұмыстардан хабардар етті. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов қаладағы медициналық жәрдем сапасын арттыру, ана мен бала денсаулығын қорғау, инфрақұрылымды дамыту, тұрғындар арасында аурушаңдықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бағытындағы негізгі жұмыстарды баяндады.

Биыл қалада денсаулық сақтау саласындағы материалдық-техникалық базаны 72,5 % пайызға дейін жақсарту, ана өлімін 53,2 пайызға, нәрестелер өлімін 9,88 пайызға дейін төмендету жоспарлануда.

Бүгінде қалада стационарлар 59,4 пайыз, босандыру ұйымдар 74 пайыз, амбулаториялық-емханалық ұйымдар ғимараттарының 68,6 пайызы тозған. Сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 5 емхана, 12 дәрігерлік амбулатория, 1 реабилитациялық орталық салынуы қажеттілігі сезілуде. 1 көпбейінді аурухана, 1 перинаталдық орталық, 1 емхана күрделі жөндеуді қажет етеді.

Шаһарда медицина саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер санын арттыру көзделуде. 2020 жылы 19 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген: қағаз түрінде – 3, электронды түрде – 16.

Сондай-ақ, басқарма басшысы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықа қарсы іс-қимыл жоспарларын ұсынды. Бұл ретте салада дәрігерлердің бос орындарға жұмысқа қабылдау туралы алгоритімін жасақтау, медициналық қызметтер мен анықтамаларды автоматтандыру жұмыстарын стандарттарға сәйкестендіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу, деректер базасына бос жұмыс орындары туралы ақпаратты уақтылы енгізу, жұмысқа қабылдау алгоритмін енгізу жобаларын іске асыру ұсынылып отыр.

Сондай-ақ, биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланған.