фото Newsroom.kz

Шарасыз күйде отырған бұл кейуана шымкенттік – Алтынгүл Асқарова. Жетпістен асқан оның сөзінше мұндай күйге туған қыздары түсірген. Желтоқсанның біріне үйіне келген перзенттері қара шаңырақтың бөлісін даулады дейді. Әжейдің сөзінше төбелеске айналған жанжал соңы қан жоса болуымен аяқталған.

Алтынгүл АСҚАРОВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Одан алдын олар 3 рет келген. Осымен 4-рет келді. Бұрын келгенде бұлай жарадар қылған жоқ. Бірақ, сөйлеп, сөйлеп мені жерге тығып кететін. Есіктің барлығын ұрып-қағатын. Онда сөйлеген жоқпын.  Үйге кіріп еді, аяқтарын да ешкен жоқ. Бірден кіріп мына қызға бас алды. Қолымды есікке қысты. Қолым сынды. Мені былай сүйреп жатыр. Бір қарасам ана екі қыз мені теуіп жатыр. Бір еңкейсем шашымнан тартып жұлып жатыр. Не істеймін енді, 4-уі жабылып жатыр маған».

7 баланы дүниеге әкелген ананың айтуынша бәленің бәрі үш жыл бұрын басталған. 2018 жылы жолдасы қайтыс болған соң жарты жылдай жалғыз өзі тұрыпты. Осыдан кейін қолына қызы көшіп келгенін айтады. Және немерелерін мектепке орналастыру үшін белгісіз құжатқа қол қойдым дейді. Араға 10 күн салып қолындағы қызы қайтыс болыпты.

Алтынгүл АСҚАРОВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Кейін қарасақ, жазып қойыпты ғой. Біз 10 млн. теңгеге үйді сатып алдық деп. 10 млн. түгілі мен 1 млн. да алған жоқпын ғой. Мені біреу атып жатса да солай айтамын».

Содан бері үй дауы бітпей келеді екен. Бүгінге дейін қара шаңырақ бөлісіне байланысты екі рет сот өткен. 71 жастағы әжей екеуінде де жеңіліпті. Қорғаушысы болса әжей қазір балаларынан алатын алимент пен денсаулығына зиян келтіргені үшін сотқа шағымданғанын айтады.

Еркін ҚАХАРОВ, қорғаушы: «Сот шешімі заңды. Бірақ әділетсіз. Мен бұл кісіні түсініп отырмын. Екі қызы, екі күйеу баласы келіп, әжейді ұрып тастапты. Мұны естіп шыдай алмадым. Ұтылсақ та бұл мәселені елге жариялауым керек».

Әжейдің екі қызы мен бір ұлы анасынан теріс айналса, бір қызы жанында жүр. Үйді сатып алдым деп ақталған күйеу бала сөзінше былықтың бәріне әжейдің жанындағы қызы кінәлі. Оның айтуынша, баспананы әжейден 10 млн. теңгеге сатып алған. Ал, дау туғасын балаларын алып көшіп кетіпті.

Сәбит БАЛАБЕКОВ, әжейдің күйеу баласы: «Мен басында қарсы болғам баруға, қоймай қойды, апаның өзі де жалынып, келіншегім көндіріп, сол жерге бардық. Әйтпесе оған дейін де пәтерде тұрдық. Мен ол кісіні қуып жатқан жоқпын. Мен ол жерге барған да жоқпын. Отбасы бұрын жақсы еді. Қазір апаға қарап отырған қызы айдап салып отыр».

Бұл жаға ұстатарлық жағдайға байланысты тергеп-тексеру амалдары басталған. Іс ҚР ҚК 107 баптың бірінші бөлігі бойынша жүргізілуде. Егер кінәлілер анықталса, мың айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады.

Дінмұхамед БАЙМАХАН, Шымкент ҚПД тергеушісі: «Осы баптың бөлігі бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді».

Айдың күннің аманында өз балаларымен жауласқан ақ жаулықты әжей қазір қара шаңырағында тұрып жатыр. Себебі үйдің 1/8 бөлігі өзіне тиесілі. Сот үкіміне келіспеген ол үйдің өзіне қайтатынына үмітті.

Назерке Үкібасова