Еске салайық, қоғамдық көліктердің тегін жүруі бұған дейін де Президент сайлауында болған еді. Енді міне, бүгінгі Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының да сайлауында автобустар ақысыз жүруде. Ал, оған мінген жолаушылар өз құқықтарын пайдаланып дауыс беруде.
Шымкентте сайлау учаскесіне келген сайлаушылар қатары әлі де толастамады. Және олардың бірқатары дауыс беру орталығына тұрғылықты жерінің шалғайлығына қарамастан келуде. Солардың бірі — 74 жастағы Шолпан Мақашева. Өзі Қайтпас-1 шағын ауданында тұратын ол мұнда қоғамдық көлікпен тегін жетіпті. Сөзінше маңызды сәтте үйде бей-жай қарап отыра алмаған.
Шолпан МАҚАШЕВА, зейнеткер: «Үйде отырып шыдай алмадым. Сайлауға дауыс берейін. Халқымыз аман болып, еліміз тыныш болсын. Денсаулығы жақсы болсын деген тілеуқорлықпен келдім. Әйтпесе үйде жата берсем болар еді. Оған өзім шыдай алмадым. Мен қазір автобуспен келдім. Онша көп уақыт кеткен жоқ. Дауыс берген дұрыс қой деп ойлаймын. Бей-жай қарамай. Халықтың қамын ойлау керек қой».
Қоғамдық көліктердің ақысыз жүруі бүгін кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Қала әкімдігінің сөзінше автобустардың жүру жиілігі еш өзгермеген.
Назерке Үкібасова