Шымкент қызғалдағы тәжік жерінде гүлдейді

150

Өткен жылы «Шымкент – ТМД-ның мәдени астанасы 2020» жылы қорытындыланып, келесі эстафета Тәжікстан астанасы Душанбе қаласына табысталған болатын.

Жабылау салтанаты барысында Шымкенттің 2200 жылдығына орай Душанбе қаласына 2200 қызғалдақ көшеті, 2200 кітап, қала тұрғындарының тілектері жазылған 2200 тұмар және «Отты қызғалдақ» керамикалық ваза сыйлық ретінде жіберілді.
Таяуда Душанбе қаласының төрағасы Рустам Эмомали Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке жазған хатында шымкенттіктердің ізгі ниетіне алғысын жеткізіп, екі қаланың достық қарым-қатынасы одан әрі жандана беретініне тілектестік білдірген.
– 2021 жылғы Душанбе қаласына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы мәртебесін беру құрметіне орай жіберген тамаша сыйлықтарыңыз үшін шынайы ризашылығымды қабыл алыңыз. Биылғы жыл қалаларымыз арасында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін, жаңа перспективалар мен мүмкіндіктер беретініне сенімдімін, – делінген Душанбе қаласының төрағасы жолдаған хатта.
Душанбе қаласы басшылығының мәлімдеуінше, қызғалдақ көшеттері ақпан айының соңына дейін арнайы қоймада сақталады. Кейіннен, олар «Душанбе — ТМД-ның мәдени астанасы 2021» жылының ашылуына орайластырылған гүлдер фестивалінде Шымкент қызғалдақтарының көшеттері тәжік жеріне отырғызылады.
Ал, сыйға тартылған кітаптар наурыз айында Душанбе қаласы ұйымдастыратын үздік кітапхана және үздік кітапханашы байқауында тарту етілмек.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы