Úı ANONS Гүлдер жәрмеңкесі: Қызғалдақ — 500 теңге

Гүлдер жәрмеңкесі: Қызғалдақ — 500 теңге

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қаладағы Астана алаңында дәстүрлі гүлдер жәрмеңкесі басталды. Биыл ұйымдастырушылар бағаның қолжетімділігі мен өнімнің сапасына ерекше мән беріп отыр. 

Әлемнің әсемдігі мен өмірдің шырайы — аяулы арулардың мейірімі мен нұрлы күлкісінде. Сондықтан болар, қаламыздың әр түкпірінде мереке тойланып, халық қуанышқа бөленіп жатқандай. Қазір мен дәл сондай ерекше мерекелік атмосфера қалыптасқан орындардың бірінде тұрмын. Айналамның бәрі гүлмен көмкерілген десем де болады. Егер сіз де мерекеде аяулы анаңызды, ерке қызыңыз бен сұлу жарыңызды ерекше шаттыққа бөлегіңіз келсе — осы алаңға асығыңыз.

Мұнда жақын жандарыңызға шынайы қуаныш сыйлап қана қоймай,қалтаңызға да салмақ түсірмейсіз.

Әдетте, 8 наурыз қарсаңында гүл бағасының шарықтап кететіні жасырын емес. Алайда,3 жыл қатарынан қала әкімдігі ұйымдастырып келе жатқан бұл жәрмеңкеде бағалар тұрғындар үшін барынша қолжетімді.

НҰРБОЛ БАУЫРЖАН, САТУШЫ: «Келушілер жақсы, бүгін Үшінші жыл шығып жатырмыз ғой. Өсіріп шығаратынымыз бар, алып сататынымыз бар Бағалары қол жетімді, мынау тюльпандарды 500 теңгеден сатып жатырмыз Роза гүлдері 700-800».

Мұнда хош иісті раушаннан бастап, нәзік қызғалдақтарға дейін молынан ұсынылған. Сауда сөрелеріндегі әсемдікке көз тоймайды. Ал төмендетілген бағалар қала тұрғындарының таңдау жасауына үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Биылғы жәрмеңкенің ауқымы өткен жылдармен салыстырғанда кеңейген. Ұйымдастырушылар кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, тұтынушы мен сатушы арасындағы тікелей байланысты нығайту арқылы бағаны тұрақтандыруды көздеп отыр.

ҮСЕН ИСАЕВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛДЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес дәстүрлі 3 жылдан бері халықаралық әйелдер күніне орай 8 наурыз мерекесіне осындай гүлдер жәрмеңкесін ұйымдастырып тұрамыз. Өткен жылы 20 кәсіпкер қатысқан болса, биыл 32 кәсіпкер қатысып отыр».

Жәрмеңке 8 наурызға дейін таңғы 9 дан кешкі 9 ға дейін жалғасады. Сондықтан жақындарына шуақты көңіл-күй мен көктем лебін сыйлағысы келетін әрбір тұрғын Астана алаңындағы гүл жәрмеңкесіне келе алады.

Ботакөз Әнуар