Туыстарына сыйлық жасамақ болған ұры дүкен тонап кетті

121

Түркістан ҚПБ-на жергілікті тұрғын арызданған. Онда кешкі сағат 17:30 шамасында өзінің дүкеніне белгісіз тұлға кіріп, азық-түліктерін ашық түрде жымқырып кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші әйелге келтірілген жалпы шығын көлемі 50 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеген.

Қылмысты ашу үшін полиция бөлімінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шұғыл жетті. Полицейлер күдіктіні ізін суытпай құрықтау мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Куәгерлерден сұрастырып, дүкеннің жан-жағын аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Полицейлердің жедел-іздестіру әрекетінің нәтижесінде, жарты тәулік ішінде күдікті анықталып ұсталды. Ол бұрында «тонау», «ұрлық» жайттары бойынша сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті ер азамат дүкенге туыстарына сыйлықтар алмақ болып кірген. Содан соң өзіне қажеттінің бәрін алып бола салысымен дүкеннен шығып кеткен. Оны көрген дүкен жұмысшылары тоқтатпақ болған. Десе де, оларға қарсылық танытып, оқиға орнынан қаша жөнелген. Қолды болған заттарының барлығын туыстарына таратып беріп, қалғандарын өздері тұтынған.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға сақтық танытып, мүліктеріңізді, бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Сізді тонап немесе алдап кетсе полицияның «102» нөміріне қоңырау соғыңыз. Сондай-ақ, міндетті түрде күдіктінің түрін жаттап, есте сақтап қалуға тырысыңыз, бұл өз уақытында қылмыскердің ізіне түсіп, қылмысты жедел түрде ашуға көмектеседі.

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі