14 тұрғынды алдаған алаяқ әйел ұсталды

130

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті бірнеше тұрғындар арызданып келеді. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, оларға жақын таныс емес әйел әбден сенімдеріне кіріп, алаяқтық жасаған. Яғни қаржы компанияларының бірінде жұмыс істеймін деген алаяқ, әйелдерді ақша салсаңдар екі еселеп қайтарып беремін, сондай-ақ ай сайын сыйақы беріп, несиелеріңді жабамын деп алдаған.

Алаяқтың сөзіне сенген тұрғындар сұраған ақшасын береді. Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті әйел бой тасалап кетеді. Алданып қалғандарын білген тұрғындар полицейлерден көмек сұрайды.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.
Ақпарат алысымен полицейлер барлық қажетті шараларды іске асырады. Көрген-білгендерден жауап алып, күдіктінің баруы мүмкін деген жерлер тексерілді. Нәтижесінде полицейлер, осы қылмысқа күдіктіні Алматы қаласынан жасырынып жүрген жерінен анықтап, оны 3 күн ішінде АПБ-не жеткізеді. Ол Шымкент қаласында тұратын жас әйел болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті тұрғындардан ақшаны қолма қол алып отырған. Бүгінде жәбірленушілердің саны 14-ке жеткен. Оларға келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеден асқан. Полицейлердің айтуынша, алдағы уақытта зардап шеккендер қатары бұдан да көбеюі мүмкін. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Түркістан облысының полицейлері алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін, бірінші кезекте тұрғындардың өздеріне мұқият болуды және күмәнді қызметтерді ұсынатын таныс емес адамдарға сенбеуге кеңес береді. Егер де, сіз, алаяқтықтың немесе басқа да осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға, «102» нөміріне хабарласыңыздар.