Қазақстанда қашықтан жұмыс істеу ережесі реттеледі. Бұл туралы Мәжіліс отырысында талқыланды.

Депутаттар сөзінше аталған еңбек заңнамасына өзгерістер керек. Осылай деген Жәмилә Нұрманбетова уақытша және аралас жұмыс режимін енгізу, жұмыс кестесін, мерзімін, жұмыскердің, сондай-ақ жұмыс берушінің жауапкершілігін белгілеуді ұсынды.

Жәмилә НҰРМАНБЕТОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Қазіргі кезде қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру тәжірибесі еңбек заңнамасын жетілдіру қажеттілігін көрсетті. Осыған байланысты заң жобасы қашықтан жұмыс істеуге байланысты еңбек қатынастарын реттеуді көздейді. Уақытша және аралас жұмыс, жұмыс кестесін, жұмыс уақытын, қызметкер мен жұмыс берушінің жауапкершілігін белгілеу сияқты жаңа жұмыс режимдерін енгізу ұсынылады».

Бұдан бөлек, еліміздің бас полицейі жаңа заң жобасын ұсынды. ТМД елдері арасында жазаға тартылғандар конвенциясын баяндаған басшы айыпталғандардың тұрғылықты жерге ауыстырылуын сұрады. Айта кетейік, Қазақстанда 447 шетелдік пробацияда тұр. Олардың басым бөлігі Өзбекстан азаматтары. Ал, 280 қазақстандық шетелде жазаға тартылған. Олардың ең көбі Ресейде жазасын өтеп жүр.

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР Ішкі Істер министрі: «Жазасын өтеушіні қабылдайтын мемлекет белгіленген жазадан қатаң емес жаза тағайындайды. Жазасын өтеуші шешім қабылдаған соң, 45 күнде өз бетінше елден шығуы тиіс. Ал егер бұл талап орындалмаса, заң бойынша мәжбүрлі түрде елден шығарылады. Сұрау салудан бас тарту негіздері де қарастырылған».

Қала берді мәжілісмендер елдегі балабақша тәрбиешілерінің жағдайына да алаңдаулы. Депутат Дариға Назарбаеваның айтуынша мектепке дейінгі білім беру мекеме педагогтары адал еңбекақыларын ала алмай жүр. Осылай деген мәжілісмен Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдады.

Дариға НАЗАРБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Дегенмен, аталған бұйрық жергілікті мекендерде орындалмай отыр. Салдарынан жеке меншік балабақшалардың педагогтары өз еңбектерінің адал төлем ақысын ала алмай отыр. Қазіргі уақытта әкімдіктер бір балабақша тәрбиеленушісіне жан басына шаққандағы нормативтің мөлшерін ерікті түрде анықтайды, ал бұл белгіленген нормативтің орташа мөлшерінен едәуір төмен. Нәтижесінде жекеменшік балабақшалар мен педагогтер тиісті қаржыны ала алмай отыр. Көптеген мамандар жұмысынан айырылып, мекемелер жабылуда».

Айта кетейік, кезекті Мәжіліс отырысында депутаттар бірнеше заң жобасын қарады.

Назерке Үкібасова