Кірістер департаменті қызметкерлерінің жалақысын көтеру ұсынылды

96

Салықшылардың жалақысы артады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Осы арқылы ведомства өкілдері аталған саладағы сыбайлас жемқорлықты жоятынына сенімді. Бұдан бөлек, бүгінгі жиында Премьер-министр Асқар Мамин салық заңнамасын түзетуді тапсырды.

Енді Қазақстанда салық төлеу әлдеқайда жеңілдейді. Осылай деген Үкімет мүшелері онлайн кездесуде бас қосты. Жауаптылар сөзінше енді жылжымайтын мүлік пен жер салығы бір жерде төленеді. Тіпті болмаса, ұялы телефон бағдарламасы арқылы да азаматтық міндетті орындауға болады екен.

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР Қаржы министрі: «Салық төлеушілер үшін мүлік салығын төлеуге ыңғайлы болу үшін «E-SalyqAzamat» мобильді қосымшасы жасалды. Қосымша сізге толық мәліметтерді толтырмай салық төлеуге, екі минут ішінде онлайн режимінде толықтырулар мен авто-несие жүргізуге, артық төлемдерді басқаруға және т.б. мүмкіндік береді. Жеке кәсіпкерлер үшін «E-SalyqBusiness» бар».

Бұдан бөлек, Үкімет отырысында салықшылылар жалақысы да тақырыпқа арқау болды. Жауаптылар айтуынша, кірістер департаментіндегі жиі тіркелетін сыбайлас жемқорлыққа сала мамандарының айлығының аздығы себеп. Осылай деген еліміздің бас қаржыгері салық саласының мамандарын әр деңгейге бөлу керек дейді. Осылайша білім, тәжірибесіне қарап жалақы бекітуді ұсынды

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР Қаржы министрі: «Сондықтан, біз базалық жалақыға үстеме қосып сыныптық шендерді енгізуді және бірыңғай форманы енгізуді ұсынамыз. Бұл шаралар жоғары білікті кадрларды сақтауға, үздіксіздікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді».

Сондай-ақ, жауаптылар мемлекеттік бюджетке пандемияның еш әсері тимегенін жеткізді. Сөздерінше 2019 жылғы кірістен былтырғы бюджет азаймаған.

Назерке Үкібаова