2021 жылдың 4 ақпанында Шымкент ҚПД Жедел басқару орталығының қызметкерлері қызмет барысында Наурыз алаңында жиналған автокөліктердің арасында жүргізушілердің бірі ақ түсті «Мерседес» маркалы автокөлігімен түрлі қозғалыс жасап, дрифт элементтерін орындағанын және бұл әрекетімен айналаға қауіп төндіріп жатқанын байқаған.

Жедел басқару орталығының кезекшісі аталған жерге патрульдік полиция полк экипаждарын жіберді. Нәтижесінде 3 автокөлік айыптұраққа жеткізілді. Автокөліктердің жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда:
– Дрифт элементтерін жасаған «Мерседес» маркалы автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 2-бөлігі, 590-бабы 5-бөлігі, және 630-бабы 1-бөлігімен;

– «Тойота Камри 70» маркалы автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 2-бөлігі; 603-бабы 1-бөлігі және 595-бабы 5-бөлігімен;
– «Тойота Рав 4» маркалы автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 5-бөлігімен.

Наурыз алаңында «Тойота Рав 4» маркалы автокөлігінің нөмірі мен иесі болмағандықтан, жедел-тергеу тобы аталған автокөлікті қарау барысында ішінен травмат тапаншаны анықтаған. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
сақшыларымен жүргізілген профилактикалық сұхбаттан кейін «Мерседес» маркалы автокөлігінің жүргізушісі алдағы уақытта жол ережесін бұзбауға уәде берді.
Барша жол қозғалысының қатысушыларын жол жүру ережелерін бұзбауға шақырамыз.