Былтыр Шымкентте сотқа түскен қылмыстық іс 1,2 пайызға артқан. Осылай деген қаланың сот өкілдері 2020 жылды қорытындылап есеп берді. Сөздерінше карантин кезінде ұрлық пен алаяқтық көбейген. Тіркелген қылмыстың тең жартысы меншікке қатысты болса, 38 пайызы дәл осы ұрлыққа байланысты екен.

Самат Мырзахметов, Шымкент қалалық сотының судьясы: «Мұндай қылмыстардың өршуінің басты себептерінің бірі ретінде пандемия жағдайында әлеуметтік жағдайдың күрт төмендеуі деп білеміз. Өйткені, кейбір сотталушылар қылмыс жасауға себеп болған мәселе ол табыс көзінің болмауы деп түсіндіреді».

Бөтеннің мүлкін иеленуден кәсіби ұрлылар алдына жан салмаған сыңайлы. Сот өкілдерінің айтуынша автокөліктегі заттарды қолды қылу үшін Алматыдан да арнайы келген сұғанақтар болыпты. Ірі және аса ірі көлемдегі заттарды жымқырған олар бұл әрекетке алдын ала сөз байласып барған.

Самат Мырзахметов, Шымкент қалалық сотының судьясы: «Бұл тұлғалар арнайы дайындықпен, Шымкент қаласына Алматы қаласынан келіп, қаладағы банктердің келушілерін бақылап, қылмыс жасайтынын алдын ала межелеп, олардың артына түсіп, ыңғайлы сәтті пайдаланып, қаражаттарын жымқырған көрінеді. Дәл осы жағдайға ұқсас бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықтар қаламызда орын алғаны қылмыстық істерді зерделеуден көрінеді».

Айта кетейік, қала бойынша ең көп қылмыстық іс Әл-Фараби ауданында қаралған. Жыл ішінде аудандық сотқа 703 қылмыстық іс келіп түскен. Бұл жалпы келіп түскен істің 35 пайызын құрайды. Өткен жылы 1083 тұлғаға қатысты сот үкім шығарған.

Назерке Үкібасова