«БМВ» маркалы автокөлік жол жиегінде тұрған полицейлердің қызметтік көлігін соғып кеткен

229

 Түркістан облысы ПД қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде «Инстаграмм» парақшасында қызметтік көлікпен болған жол көлік оқиғасы жайлы жариялаған бейнежазбаны анықтады. Аталған жазбаға сәйкес полиция қызметкерлерімен тиісті тексеру жұмыстары жүргізілді.

Нақтырақ айтар болсақ ағымдағы жылдың наурызының 13-нен бастап Түркістан облысында күн суытып, қардың түсуіне байланысты облыстық Полиция департаментінің барлық жеке құрамы, патрульдік полицейлер жолдарға бөлініп, кедергілерге тап болған көліктерге көмек көрсеткен. Сондай сәтте жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетіп жол жиегіне қойылған полицейлердің қызметтік көлігін жеңіл автокөлік соғып кеткен.

Бұл оқиға 2021 жылдың 14 наурызында Ордабасы аумағы Шымкент-Самара тас жолының 49-50 шақырымында сағат 17:15 шамасында орын алған. Яғни ТО ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальонының полицейлері өздерінің қызметтік көліктерімен ауа райының қолайсыздығына байланысты жердің тайғақтығынан жолды жауып қалған көліктерді шығарып, қызметтік міндеттерін атқарып, жолаушыларға барлық көмекті көрсетіп жатқан сәтте «БМВ» маркалы автокөлігінің жүргізушісі, Шымкент қаласының тұрғыны басқару жүйесін игере алмай полицияның екі бірдей «КИА РИО» маркалы қызметтік көлігін соққан. Адам шығыны жоқ.

Бүгінгі таңда аталған жайт тіркеуге алынып, тексеру амалдары жүргізілуде. Жүргізушілер тиісті медициналық куәландырудан өтті. Оның қорытындысы бойынша жүргізушілер ішімдік ішпеген. Сондай-ақ «БМВ» маркалы көлігінің иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 610 бабының 1-бөлігімен (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) хаттама толтырылды.

Құрметті жүргізушілер, облыста бірнеше күннен бері ауа райы күрт суытып, жолдардың беткі қабаты мұзға айналып, автокөліктердің қозғалысына қиындық туғызуда. Соның салдарынан түрлі апаттық жағдайлар орын алуда. Сондықтан ұзақ жолға шықпауларыңызды және көліктеріңізді қажетті бөлшектермен жабдықтап жүру керектігін ескертеміз!