Шымкент қалалық полиция департаменті сынның астында қалды. Ішкі істер министрі Ержан Саденов көшпелі кеңес өткізді. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында ІІМ басшысы жеке құрамға Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа басшысын Мұхтар Қожаевты таныстырды. Ол бұған дейін ІІМ тергеу департаментін басқарған. Министр департаменттің жаңа басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап, мегаполистегі криминогендік жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді.
Ержан Сәденов, Ішкі істер министрі: «Тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ, сенім жоқ, бедел құлдырайды. Әрбір бұзушылық үшін барлық деңгейдегі басшылар мен кәсіби борышына опасыздық жасағандардың әрқайсысы жеке жауап береді»
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Шымкенттегі соңғы оқиғаларға байланысты Ішкі істер министрлігіне бірқатар тапсырма берген болатын. Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша құқықтық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін полиция департаментінің бастығы мен оның бірқатар орынбасары қызметтерінен босатылған. Сондай-ақ аудандық бөліністердің жекелеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды.
Нұргүл Жолымбетова






