«Балалар құқығын қорғау туралы заң жобасына енгізілетін өзгерістер қазақилыққа кесірін тигізбейді». Осылай деген комиссия тобы бүгін талқыға түскен тақырыпты тағы да түсіндірді. Сөздерінше, ата заңға енгізілетін 35 өзгеріс дәртүрге қайшы емес. Керісінше, баланы қадірлеуді үйретпек екен.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Көптеген қоғам белсенділері бұл түсініктің қазақ дәстүріне қарсы қазақилықты жоюға жұмыс жасау үшін енгізіліп отыр деп түсініп отыр. Бұл олай емес. Керісінше баланың қадірін құрметтеу мен оны сыйлауға бағытталады».
Заң жобасына енгізілетін өзгерістер ішінде балалар арасындағы жәбір де бар. Депутат, құқық қорғау органы мен психологтардан құрылған жұмыс тобы жыл ішінде 12 пайыз оқушының жәбір көргенін айтады. Сорақысы сол соңғы кездері бірін-бірі қорлағандар оны бейнежазбаға түсіруді әдетке айналдырған. Енді бұл кибербуллингке тоқтау жасалмақ.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Баланың психикасына, жеке басына байланысты кемсітетін іс-әрекеттерді әлеуметтік желілер, ватсап месенджерлер, жеке смс хаттары арқылы көпшілікке тарату. Сондай-ақ, бұл түсінік бойынша ешқандай да бір әкімшілік немесе қылмыстық іс-әрекеттерді енгізу жоспарланып отырған жоқ. Яғни, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде кінәлілерді анықтау қарастырылмаған».
Оқушылар арасындағы жәбірге қатысты заң жобасында мұғалімдер де жауапкершілік алды. Енді құрдастар қақтығысын көрген ұстаздар жағдайға бей-жай қарай алмайды. Не оның алдын алу керек, не қорлықты дер кезінде тоқтатуға кіріседі. Осылай деген жұмыс тобы ешкімнің жаза арқаламайтынын айтады.
Динара ЗАКИЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Әр сынып жетекші, мұғалім оқушыны қорғап, оған түсіндіру жұмыстарын жасай білуі керек. Яғни, ұстаздар құрдастар арасында жанжалдың не түсініспеушіліктің пайда болмауын қадағалау керек. Немесе оның алдын алу керек. Бұл жаңа заң жобасы тараптарға бөлмейді, ешкімнің сотталуына апармайды. Ешкімді жауапқа тартпайды. Тек жауапкершілікті түсіндіреді».
Айта кетейік, өткен жылы елімізде 143 оқушы суицидтен қайтыс болған. Тағы 306-сы өзін өзі өлтіруге оқталған.
Назерке Үкібасова