Оқу ордасының 6 қызметкері «100 жаңа есім» жобасына үміткер

245

Қазақстанның үздік 3 жоғары оқу орнының қатарына енген Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 6 үміткерді «100 жаңа есім» жобасына ұсынып отыр. Олардың әр қайсысы өзінің жасаған жұмыстарын баспасөз брифингінде таныстырып, халықты дауыс беруге шақырды. Бірнеше бағыт бойынша ұсынылып отырған үміткерлерді университет ұжымы да көпке үлгі бола алады деп сенім артып отыр.

Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұл қызметкерлері «100 жаңа есім» жобасына қатысушылар. Олар бүгінгі брифингте өздерін таныстырып, халықты дауыс беруге шақырды.

Бұған дейін де бірнеше «есімді» ұсынған білім ордасындағылар бұл мамандардың жеңетініне кәміл сенімді. Өйткені әр қайсысының жасаған еңбегі ерен екенін алға тартты білім ошағының ұжымы.

Гүлнар Жанысбекқызы, М.Әуезов атындағы ОҚУ тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Рухани жаңғыру және ҚХА» орталығының басшысы: «Бізде алғашқы жылдары 5 үміткеріміз шыққан. Соның алғашқылары екі жүздікке енді, жүздікке енді. Бірақ жеңімпаз бола алмады. Сондықтан универ тарапынан бұл имидждік ілгерілетуді біздің орталық жүзеге асырып отыр. Біз осы 6 адамды біріктіре отырып биылғы жылы Тәуелсіздігімздің 30 жылдығына біздің тұлғалар арқылы сыйлық жасап отырған осындай бір керемет сәтімізбен бөліскенімізге қуаныштымыз».

Хакім Абайдың «Китаб тастиқ» шығармасын транкрипция жасап, 2 кітап шығарған Әзімхан Исабек те бұл жобаға үміткер болып отыр. Өзінің атқарып жатқан жұмыстарын парыз санайтын жас маман жеңімпаз болсам да өзгермеймін дейді.

Әзімхан Исабек, «100 жаңа есім» жобасының үміткері: «Гүлнар апай айтып өтті ғой. «Кітап тастиқты» аударды, кітап шығарды деп. Сол енді. Қазақтың азаматы болғаннан кейін істеуге тиістіміз. Міндеттіміз деп ойлаймын. 100 жаңа есімге енсек те, енбесек те осы прогресс, осы ғылыми ізденіс, осылай жалғаса береді. Одан тоқтап қалатын еш нәрсе жоқ».

Университет ұсынып отырған басқа үміткерлер де елге қызмет етіп жүрген білікті мамандар. Бәрі де жеңіс тұғырынан көрінуге ниетті. Айта кетейік үміткерлерге онлайн дауыс беру «100 жаңа есім» жобасының ресми сайты арқылы қабылданады. Дауыс беру науқаны 12-ші сәуірге дейін жалғаспақ.

Мөлдір Ибадуллаева