Төлебилік тәртіп сақшылары Леңгір қаласында орналасқан тойханалардың бірінде жасырын болып жатқан тойдың үстінен түсті. Полицейлер бірден келген қонақтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тарқатты.
Карантинге қарамастан 100-ге жуық қонақтың жиналуына жол бергендерге шара көру мақсатында, жинақталған іс-құжаттары Төлеби аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Осылайша той иесі мен тойхана әкімшісіне Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Осы тұста айта кетер жайт, карантинге байланысты ескертулерге, шектеу шараларына мән бермейтіндер қатары толастар емес. Түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатса да, адамдардың бас амандығын ойламай, отбасылық той-жиын жасаушылар тыйылар емес. Осыған байланысты тұрғындарды өз денсаулықтарыңызға немқұрайды қарамауға шақырамыз.
Бұл бағытта Төлеби АПБ-ның полиция қызметкерлері де күнделікті қарқынды жұмыс жүргізуде. Тәртіп сақшылары ойын-сауық, сауда-саттық орындарын бақылауда. Адамдар көп шоғырланатын жерлерде карантин талабының сақталуын назарға алуда. Тұрғындарға сыртқа шығар алдын медициналық бетперде мен антисептик қолдануды естен шығармауды талап етуде.