Кезегі келмей пәтер беруді талап еткен тұрғындарды қала әкімінің орынбасары қабылдады

349

Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 44 мыңға жуық. Биылғы жылдың 1-тоқсанғы қорытындысы бойынша 2796 азамат жаңадан тұрғын үй кезегіне тіркелген. Демек, әр айда 932 адамның кезекке тіркелгені байқалады.

Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артқан. Қазіргі таңда азаматтардың баспана мәселесін шешу мақсатында оларды кезек ретімен және жеңілдетілген несиелер арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары басым бағытта жүргізілуде. Қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін мегаполисте тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғын үй құрылысын 1 млн шаршы метрге жеткізу көзделген.

Алайда, кезектен тыс пәтер беруді талап еткен азаматшалардың әкімдік ғимараты алдында кезекті рет наразылық шаралары өтті. Оларды қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков қабылдады. Қала басшысының орынбасары әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы берілетіндігін және азаматтардың жекеленген өзекті сауалдарына қатысты заң аясында шешу жолдарын түсіндірді.

— Кезекте тұрған әр азаматқа өз кезегі бойынша пәтер үлестіріледі. Тұрғын үй кезегі автоматтандырылған.

Бұл орайда сіздер тұрғын үй кезектеріңізді тәулік бойы кез келген уақытта e-gov электрондық порталы арқылы үнемі бақылап отыра аласыздар,-деді Ерғали Дәулетбекұлы.

Шымкент қаласында биыл 976 отбасын арендалық пәтермен қамту жоспарланған. Жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтарды тұрғынжаймен қамтамасыз ету үшін 1 580 пәтер сатып алу көзделуде. Сондай-ақ жыл басынан бері «5-20-25», «5-10-20» Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 256 азамат баспаналы болған. Ал, «7-20-25» бағдарламасымен биыл екінші деңгейлі банктер тарапынан 613 азамат несиелендіріліп, тұрғын үймен қамтылды.