Қоғамдық көлік 4 жасар қызды қағып өлтірді

110

Шымкентте қоғамдық автобус ойын баласын қағып өлтірді. Куәгерлер сөзінше автобус жүргізушісі құлаққаппен отырған. Және адам соққанын сезбепті. Тек ел-жұрттың айғайынан кейін тізгінді тоқтатқанын айтады. Алайда, автобус тоқтағанымен, 4 жасар бүлдіршін оқиға орнында жан тәсілім етті.

Шымкентте 4 жасар қызды қоғамдық автобус қағып кетті. Ойын баласы оқиға орнында жан тапсырды. Белгілі болғандай, ол өз үйінің алдында ойнап жүріп, көшенің арғы бетіне өтпек болған. Көшенің қарсы бетінде әкесінің жұмыс орны болған. Сол сәтте оны №147 бағыттағы автобус қағып қана қоймай, сүйреп әкеткен. Куәгерлер сөзінше, қоғамдық көлік жүргізушісі тізгінді бірден тарта қоймапты. Жұрттың айғай-шуынан соң тоқтаған ол бәрінің қайғылы аяқталғанын біліпті.

МАДИНА АҚПАРӘЛИЕВА, куәгер: «Көлік жүргізушісінің құлағында құлаққап болды. Осында тұрғанның барлығы оған айғайладық. Ал ол бізге осылай көрсетті. Не боп қалды дегендей. Содан кейін ғана автобустан шықты. Ал, ол кезде қыз баллон астында жатқан болатын».

МУРГУМШАХ НӘБИЕВ, қайтыс болған қыздың әкесі: «Маған Ә. Молдағұлова көшесінде бір қызды қағып кетті деді. Жүгіріп келсем, менің қызым баллон астында жатыр. Ал, ішек-қарны асфальтта жатты. Сөйтсем, мен келем дегенше оның жаны болған екен. Сен қандай көлік жүргізушісің өзі? Қайда қарадың?».

4 жасар Залина жедел-жәрдем жетпей өз әкесінің қолында жан тапсырған. Қайтыс болған балақай екі күннен соң 5 жасқа толуы керек болатын. Енді оның жақындары қаршадай қыздың туған күнін емес, жаназасын шығармақ. Ал, қоғамдық көлік жүргізушісінің ендігі тағдырын сот шешеді. Себебі қазір алдын ала тергеп тексеру жұмыстары басталды. Егер оның кінәсі анықталса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ИСФАНДИЯР ҚҰРАЛБАЕВ, Шымкент қаласы ПД Анықтау басқармасы бастығының орынбасары: «Жүргізуші 1979 жылы туылған жергілікті тұрғын. Нәтижесінде алған дене жарақаттары салдарынан жаяу жүргінші жол көлік оқиғасы орнында қайтыс болды. Аталған жәйт бойынша ҚР ҚК 345 бабының 3 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде».

Ал, тұрғындар болса Әлия Молдағұлова көшесінен қоғамдық көліктердің жүруіне қарсы. Сөздерінше онсыз да тар жолда алып автобустардың жүруі бала түгілі үлкендерді де үрейлендіреді екен.

Назерке Үкібасова