Сауран ауданының әкімі тағайындалды

656

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңадан құрылған Сауран ауданының алғашқы әкімі тағайындалды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды. Президент Әкімшілігінің келісімімен және Сауран аудандық мәслихаты депутаттарының бірауыздан қолдауымен, Сауран ауданы әкімінің лауазымына бұған дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Ғани Рысбеков тағайындалды.

Ғани Құрмашұлы өзіне сенім артқан барша азаматтарға алғыс айтып, жаңадан құрылған Сауран ауданының дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Бұл күні Сауран аудандық мәслихатының жетінші шақырылымының алғашқы сессиясы да өтті. Сауран аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Ибрагимов комиссия шешімімен таныстырды. Шешімге сәйкес Сауран аудандық мәслихаты депутатарына куәліктер мен төсбелгілер табысталды. Жаңадан құрылған ауданның дамуына үлес қосуға жасақталған мәслихаттың құрамына «Nur Otan», «Ақжол» және «Ауыл» партияларының мүшелері кірді.

Шынар Оразова