Шымкентте Рамазан айының алғашқы күнінде басталған қайырымдылық шарасы әлі де жалғасуда. Бұл жолы азық-түлік қоржындарын қала имамдары таратты. Алдымен бас мүфтимен онлайн кездескен дін өкілдері осыдан кейін үй-үйді аралауға көшті. Еске салайық, Шымкентте қала әкімінің бастамасымен күн сайын 1000 отбасыға көмек берілуде.
Шымкенттік Тілләхан Ахметова Рамазан айы басталғалы қайырымды жандардың шарапатынынан қол үзбей жүргенін айтады. Сөзінше, мейірімді жандар үлестіріп жатқан бұл себет жалғызбасты анаға екінші рет бұйырып тұр. Мешіт қайырымдылығын ылғи да көріп келемін деген ол барлық жақсыларға ақ батасын берді.
Тілләхан АХМЕТОВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жалғызбасты анамын. Жалдамалы пәтерде тұрамын. Денсаулығым жоқ. Мешіт жәрдем беріп тұрады. Ораза басталғанда алдым. Демеушілерге көп-көп рақмет».
Бүгін Шымкенттегі орталық мешітте осымен 18-ші күн қатарынан қайырымдылық акциясы жалғасуда. Бұл жолы азық-түлік себеттерін мұқтаж отбасыларға дін өкілдері таратуға кісірті. Алдымен еліміздің бас мүфтимен онлайн кездескен имамдар дәл бүгінгі шараның Қазақстан бойынша ұйымдастырылғанын айтады.
Бақдәулет ӘБДІРАХМАНОВ, Шымкент қаласының бас имамы: «10 күнді есептегенімізде 17 100 отбасыға қайырымдылық іс -шарасын жасаттық. Екінші 10 күндікті жақын күндері есептейміз. Мүмкін одан да артып жатар. Жалпы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты жоспарға сәйкес 30 күн Рамазан айында 30 мың отбасыға қайырымдылық іс-шарасын жасасақ деген ниеттеміз».
Күн сайын 1000 отбасыға азық-түлік тарату қайырымдылық акциясы Шымкентте оразаның алғашқы күнінен жалғасуда. Қала әкімінің бастамасымен жүзеге асқан шараға кәсіпкерлер мен халық қалаулылары да ат салысуда. Осылайша имамдар мен жауаптылар 30 күнде 30 мың шымкенттік отбасыға ауызашар себеттерін үлестірмек.