Санаулы сәттерден кейін қасиетті Рамазан айы кіреді. 19 ақпан күні күллі жамағат ниет етіп, сауапты айға қадам басады. Мүбәрак айда мұсылмандар таңнан кешке дейін ауыз бекітіп, рухани тазаруға ден қояды. Имамдар бұл уақытта садақа беріп, Құран оқып, ізгі амалдарды көбейтуге шақырады. Дәрігерлер болса сәресіде ақуызға бай, тоқтық сезімін ұзақ сақтайтын тағамдарды, ал ауызашарда жеңіл әрі сұйық ас ішуді ұсынады.
19 ақпан – Рамазан айының алғашқы күні. Дін өкілдерінің айтуынша, биыл ораза 29 күнге созылады. Рамазан – мұсылман жұртшылығы үшін тек таңнан кешке дейін ішіп-жеуден тыйылу емес, рухани тазару, сабыр мен сауап айы. Бұл айда мешіттерде тарауық намазы оқылып, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.
МҰСАБЕК АҚТАМБЕРДІ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БАС ИМАМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Рамазан оразасын ұстай алмайтын жасы келген қарттарға Алла тағала рұқсат еткен. Және ауруынан мүлдем айыға алмайтын, ауруы жазылмайтын өмір бақи сол аурумен әлек болып келе жатқан Алланың құлдарына осы Рамазан оразасын ұстау міндет етілмейді. Алла тағала Қасиетті Құран кәрімде олар үшін бір міскінді таңғы, кешкі уақытта тамақтандыратындай підия садақасын беру олардың мойнында бар. Егер де сол мүмкіндіктері болса підия садақасын беретін. ҚМДБ пидия садақасының мөлшерін де шығарып берді. 4000 теңге көлеміндей»
Рамазан айында әр мұсылманға міндеттелетін пітір садақа мөлшері биыл 735 теңге деп белгіленді. Бұл – 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасына сәйкес есептелген ең төменгі шама. Ал жағдайы көтеретін жандар садақаны мейіз немесе құрма есебімен берсе, игілігі мол болмақ. Яғни, 2 келі мейіз – 6 400 теңге, 4 келі құрма – 12 400 теңге шамасында».
МҰСАБЕК АҚТАМБЕРДІ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БАС ИМАМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Пітір садақаны Рамазан айы кіргеннен бастап, айт намазына дейін беру керек. Сол айт намазына дейін берілген пітір садақа ол — пітір садақа болады. Себебі біздің тұтқан оразамыздың, құлшылығымыздың кем-кетігі көкте тұрып қалады. Егер біз пітір садақамызды беру арқылы оны Раббымыздың құзырына көтереміз. Сондықтан пітір садақаны үйдегі қамқоршы әкесі болса, әкесі барлық отбасына береді. Ал әркім өзі жұмыс істеп, өзі несібесін теріп, жеп жүрген жан болса, өзі үшін пітір садақа бергені жақсы болады»
Дәрігерлер оразаны ағзаны “детокс” жасау кезеңі деп сипаттайды. Ұзақ уақыт аш жүру асқазанның өз сөлін шығару жүйесін жақсартып, асқорыту процесін реттейді. Сондықтан мамандар сәресіде ақуызға бай, тоқтықты ұзақ сақтайтын тағамдарды, ал ауызашарда жеңіл, сұйық ас ішуді ұсынады. Сонымен қатар, тәттілер мен газдалған сусындардан аулақ болу қажет дейді.
ДИНА БАЙМАҒАМБЕТОВА, ДӘРІГЕР: «Қатты тәтті, көмірсуларға бай тағамдарды жеуге болмайды. Өйткені бұл көбінесе науқастарды шөлдеуге әкелуі мүмкін. Тәбетінің тез ашуына әкелуі мүмкін. Сондықтан біз тек қана пайдалы майлар, ет тағамдары, белоктарға бай тағамдарды ұсынамыз. Олар: жылқы еті, қой еті, сиыр еті болуы мүмкін. Немесе жұмыртқа. Сәресі кезінде осындай майлы тағамдарды жеуге кеңес береміз»
Биылғы қасиетті ораза наурыздың 19-ы күні аяқталады. Ал 16-нан 17-сіне қараған түн – ең қасиетті Қадір түні, құранда берілген нұр мен сауапқа толы түн. Содан кейінгі күні, 20 наурызда, мұсылман қауымы бірлік пен қуанышқа бөленген Ораза айт мерекесін атап өтеді.
Лаура Бабас






