Шымкентте 32 мектеп карантинге жабылды

123

Шымкентте 32 мектеп карантинге жабылды. Білім ұясында індет жұқтырғандар арасында оқушылар ғана емес, мұғалімдер мен өзге де сала өкілдері бар. Енді олар мектепке тек екі аптадан соң оралады. Оған дейін сабақ қайта онлайн форматта өтіп, қашықтыққа көшті. Айта кетейік, үшінші мегаполис қазір қызыл белдеуде тұр.

Шымкенттегі №20-шы мектеп қайта қашықтан оқу форматына көшті. Себебі аталмыш білім ұясындағы 4-сынып оқушысынан кви табылып, өзгелеріне де жұқтырғаны белгілі болды. Осылай деген қаланың санитар-дәрігерлері бұл Шымкентте карантинге жабылған жалғыз мектеп емес дейді. Шаһар бойынша бүгінде 32 мектеп карантинде.

Роза АХАНОВА, Шымкент қаласы тауарлар сапасы мен қызметін бақылау департаментінің тәрбие және білім беру объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы: «Бүгінде қала бойынша 32 мектеп карантинге жабылған. Зерттеу нәтижесінде балалардың коронавирусты үй жағдайында жұқтырғаны анықталды. Олар әсіресе, үй үлкендерінен, ата-әжелерінен жұқтырған».

Індет табылған мектеп шәкірттері енді екі апта бойы үйден оқиды. Осылай деген қаланың бас ұстазы өзгелерінде оқу процесі баяғы қалпында жалғасатынын жеткізді. Тек дәрстүрлі форматта оқуды әдеттегідей ата-аналардың өздері шешеді.

Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Қаладағы барлық білім ордаларында санитарлық талап күшейді. Мұғалімдердің 45 пайызы қатерлі індетке қарсы вакцина қабылдап үлгерген. Біз ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқпыз. Бәрі де педагогтардың өз еркінде».

Айта кетейік, бұл оқу жылынан бері шымкенттік оқушылардың 300-ге жуығы қатерлі індет жұқтырған. Коронавирус табылған білім ұяларын тексергенде мамандар біраз былықтың бетін ашыпты. Көбіне медициналық маска тақпау тіркелді дейді санитар дәрігерлер. Осылайша үшінші мегаполис мектептеріне 3 млн. теңге айыппұл салынған.

Назерке Үкібасова