Шымкентте білім сапасы 8 пайызға төмендеген

170

Шымкентте білім сапасы 8 пайызға төмендеген. Бұл туралы қаланың бас ұстазы мәлімдеді. Жанат Тәжиева мұның себебін онлайн оқудан көріп отыр. Сөзінше қашықтан оқу оқушылардың білім деңгейіне кесірін тигізген.

Үшінші мегаполисте білім сапасы 8 пайызға төмендеген. Осылай деген қаланың бас педагогы Шымкенттегі білім саласының бүгінгі жағдайымен бөлісті. Сөзінше онлайн оқу басталғалы оқушылардың білім деңгейі кері кете бастаған. Енді бұл кемшілікті жою үшін шаһар мектептері оқушыларға есігін ашады. Бірақ, дәстүрлі оқуға оралу әлі де ата-аналардың өз еркінде қала береді.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқарамасының басшысы: “Ата -ананың өтінішінің негізінде баланың өмірінің қауіпсіздігіне арнайы өтініш білдірген жағдайда, ата-ананы да онлайн форматта оқытуға білім ұйымдарының мүмкіндігіміз бар. Қашықтан оқыту барысында балалардың білім сапасына деген өте көп жауапкершілік артуда. Бұған дейін 6,7,8 сынып балалары қашықтан оқып келді. Енді балаларды мектепке әкеліп, сапасын қарастыру керек”.

Бұдан бөлек, басқарма басшысы ҰБТ жағдайын жеткізді. Сөзінше биылдан бастап тестілеу жаңа форматқа көшеді. Бұған дейін жауабын қағазға белгілеп келген талапкерлер енді бір камера, бір компьютер, бір талапкер бағдарламасы бойынша сынақ тапсырады. Және грант алу үшін екі рет мүмкіндік беріледі. Осыған байланысты биыл тестілеу тапсыруға ниет білдіргендер де көбейіпті.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқарамасының басшысы: “Биыл 11 сынып бітіретін оқушылар саны 9342. Былтыр 7862 оқушы бітірген. Биыл ҰБТ-ға 8 545 бала барғалы отыр. Биыл ҰбТ тапсыратын балалар мыңға артып отыр”.

Еске салайық, бұған дейін еліміздің бас санитары оқушыларға медициналық маскасыз мектепке келуге рұқсат берген еді. Ал, Шымкент қаласының бас ұстазы төртінші тоқсанда шәкірттердің бетпердемен білім алатынын жеткізді. Сөзінше сақтық шараларынан бас тартуға әзірге ерте.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқарамасының басшысы: “Балалардың өмір қауіпсіздігін ескере отырып, маскамен отыру мәселесін басшылыққа алып отырмыз. Бұған мектептегі ата-аналардың да өтініштері негізге алынады. Комитет жиынында бұл мәселе талқыланды. Сондықтан балалар барынша ара қашықтық сақтап, маскамен келу қадағалауға алынуда”.

Бұған қоса қаланың бас ұстазы ата аналарға мектептің жөндеу жұмыстары үшін ақша жинауға болмайтынын жеткізді. Сөзінше, білім ұяларын жөндеу үшін бюджеттен 625 млн. теңге бөлінген.

       Назерке Үкібасова