Шымкент аумағы тазалығының өзектілігі қала әкімінің төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Санитарлық тазалау, көгалдандыру, абаттандыру міндеті шаһардағы төрт ауданның әкімдеріне жүктелді.
Қалада бей — берекет қоқыс тастау мәселесіне нүкте қою мақсатында ондай аумақтарда бейнекамералар орнатылатын болды. Сонымен қатар, тазалыққа экология полицейлері де жұмылдырылды.
Шымкент аумағындағы тазалық, көгалдандыру, абаттандыру құзыреті ағымдағы жылдан бастап қаладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші мен Қаратау аудандарының әкімдіктерінің балансына өтті. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы аудан әкімдері шаһар әкіміне есеп берді.
Аудан аумақтары секторларға бөлініп, ондағы коммерциялық өзге де әлеуметтік мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің ауласының тазалығын сақтау бойынша келісімшарттар түзілуде. Бұл сол аумақтағы сауда орны, базар, тойхана мен емхана, мектеп айналасындағы тазалық сол мекемелердің басшыларына жүктелді.
Енді әр аудандағы тазалықты экология полиция қызметкерлері қадағалайды. Жылдың соңына дейін олардың саны 40 -қа жеткізілмек. Шаһар басшысы тазалықты сақтауға қоғам болып жұмылуымыз қажет дейді.
Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Насихат жүргізуіміз керек, адамдардың сана сезімін оятуымыз керек. Жастарды тәрбиелеуміміз керек. Мегаполис бұл тек құрылыс емес, бұл адамдардың мәдениеті, тазалығы».
Шаһарда бей-берекет қоқыс тастау мәселесіне нүкте қою мақсатында ол аумақтарда бейнекамералар орнатылатын болды. Жиында аула, көшелерді таза ұстау үшін тұрғындарды ынталандыру бойынша да ұсыныстар айтылды.
Ғалымжан ІЛИЯСОВ, Еңбекші ауданының әкімі: «Таза қала» байқауын қайта жандандырып ынталандыру қажет. Әкім араласып, аулаларда қоқыс тастамас үшін бейнекамераларды орнатайық 12 млн. теңге бөлінді. Тиімді ғой».
Қала әкімі қоғамдық орындардың тазалығы бойынша жұмыстарды өз деңгейінде ұйымдастыра алмаған коммуналдық мекемелер мен қала әкімдігіне қарасты сала басқармалары басшыларына шара көріледі деп нақтылады.
Сонымен қатар, жиында аялдамалардың тазалығы да ерекше сөз болды. Алдағы уақытта өз аумақтарындағы аялдамаларды таза ұстау үшін аудан әкімдіктеріне тиісті қаражат бөлінетін болды.
Шынар Оразова