Түркістан – түркі елдерінің рухани астанасы

245

Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітілді. Бұл туралы онлайн форматта өткен бейресми саммитінде белгілі болды. Жиында түркітілдес елдердің бірінші басшылары бас қосып, әлемдегі қазіргі жағдайды талқылады.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынысты қабыл алған президенттерге алғысын білдірді. Және аталмыш кездесудің Түркістан қаласында өткізілетіні жоспарланғанын, алайда қатерлі індетке байланысты қашықтан өткізіліп отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң, бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құттықтаймын. Бұл – күллі түркі жұртының төл мерекесі. Бауырлас елдерге бақ-береке тілеймін».

Бұған қоса мемлекет басшысы сын сағатында түркітілдес елдердің ынтымағы беки түскенін ерекше атап өтті. Және алдағы уақытта Қазақ- түрік университетінде түркітілдес елдердің шәкірттері үшін 50 гранттың бөлінетінін жеткізді. Сондай-ақ, Ұлы түркілер қорын құруды ұсынды.

Назерке Үкібасова