ҰБТ-2021: Түлектер сынақ өтетін орын мен уақытын өздері таңдайды

147

Қазақстандық талапкерлер биыл білімін электронды түрде сынайды. Және ұлттық бірыңғай тестілеу бұрынғыдай 10 күн емес, 3 айға жалғасады. Бұл туралы еліміздің білім және ғылым министрлігі мәлімдеді.

2021 жылғы тестілеудегі ерекшелік мұнымен бітпейді. Енді сынақ тапсырғандар жауапты күн ұзағына дейін күтпей, нәтижені тест аяқталған соң бірден білетін болады.

2021 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу форматына бірқатар өзгерістер енгізіледі. Осылай деген еліміздің білім және ғылым министрлігі карантин кезіндегі білім сынағының ерекшеліктерімен таныстырды. Енді грант иегері атанғысы келген түлектер тест тапсыратын күнді өздері белгілейді. Және сынақтан бір рет сүрінсе, екінші мүмкіндік берілмек. Еске салайық, бұған дейін Ұлттық біріңғай тестілеу 10 күн ішінде өтсе, енді бұл мерзім 3 айға жалғасады.

Және жоғары оқу орнында тегін білім алғысы келген жандар тестті компьютермен тапсырады. Айта кетейік, 2004 жылы басталған ҰБТ бұған дейін қағаз форматында өтіп келген еді. Енді талапкерлер бір компьютер, бір камера, бір түлек ережесі бойынша білімдерін сынайды.

Сәуір, мамыр, маусым айына жалғасатын тестілеуде қойылатын сұрақтар санына еш өзгеріс енгізілген жоқ. Талапкерлер бұрынғыдай 120 сұраққа 240 минут ішінде жауап беруі керек. Және осы аралықта талапкерге тынығу уақыты да беріледі. Алғашқысы бір сағаттан кейін 2 минут берілсе, екіншісі екі сағаттан кейін 15 минут.

Ал, нәтижемен келіспеген түлектер 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Және олардың сынақ тапсырған уақыттағы бейнежазбасы 25 тамызға дейін сақталады. Министрлік өкілдерінің сөзінше, сақталған видеонұсқа түгелдей тексеріледі.

Назерке Үкібасова