ҰОС ардагері Алексей Андреев: «Бейбіт өмірді бағалаңдар!»

228

Жеңіс күніне орай,  Ұлы Отан соғысында ерлік танытқан ардагерлерімізбен өздеріңізді  таныстыруды  жалғастырамыз.

Биыл Жеңістің 76 жылдығын шымкенттіктермен бірге 21 майдангер қарсы алады. Олардың арасында Абай ауданында 112 орамда тұратын Алексей Андреев те бар. Қарт майдангер барша халықты алдағы келе жатқан мерекелермен құттықтап, амандық, бейбіт өмір тілеп, жастарды қарияларды қамқорлыққа алуға шақырды.

93 жастағы қарт майдангер сұрапыл соғысты, одан кейінгі қайта қалпына келтіру жылдарындағы қиындықтарды еске алғанды ұнатпайды. Сондықтан болар бастапқыда сұқбат беруге ынта білдірмеді. 1945 жылы неміс басқыншыларымен соғыс аяқталғанымен Алексей Семенович үшін әскери қызмет жалғасты. Қорғаныс министрлігіне қарайтын құпия әскер құрамында Литвадағы хуторлар мен ормандарда астыртын топтарды іздеумен және оларды жоюмен айналысты. Кеудесіндегі  медаль  бандиттердің бірін құрықтағанда табысталған екен.

Алексей АНДРЕЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагері: «1949 жылдың қазан айының 18-ші жұлдызы. Литвадағы хуторлардың біріне жақындағанымызда бір адам орманға қарай қашты. Сарбаздардың бірі «бандит кетті» деген сөзін ести салып, мен етігімді шешіп, жалаң аяқ ізіне түстім. Ойым жауды жіберіп алмау. Ұстадым. Кейін қаруластарым етігімді, шұлғауымды жеткізді. Сол жылдар көз алдымда».

1948 жылы әскерге шақырылған Алексей Семенович мемлекеттік қауіпсіздік министрілігіне қарасты полкте қызмет етіп, кіші сержант шенінде әскери қызметті аяқтапты. 1951 жылдың соңында елге оралған білікті маманды ішкі істер органдарына жұмысқа шақырған екен. «Сұрапыл жылдар менің өміріме жеткілікті деп бармадым»,- дейді майдангер. 2000 жылдары зейнетке шыққан ардагер отбасының қамқорлығында.
Игорь АНДРЕЕВ, ҰОС ардагерінің немересі: «Атам әскердегі қызметі жайлы айтқанды ұнатпайды. Өйткені оған еске алу қиын. Өте ауыр болған қызметі. Жасы қартайып, өздігінен жүре алмайды. Глаукомасы бар. Мен үнемі қасындамын. Қажет болса дәрі-дәрмектерін алып келемін. Тамағын беремін, далаға шықса қасындамын құлап қалмасын деп».

«Бойымдағы күш ұлым мен немерелерімнен» деген ардагер жерлестерін алдағы келе жатқан мерекемен құттықтап, амандық тіледі.

Алексей АНДРЕЕВ, ҰОС ардагері: «Әрбір адам отбасында аман болсын, дәулетті, берекелі болсын. Бір-бірлеріңе жылы сөз айтып, қамқорлықтарыңды аямаңдар. Әсіресе қарттарға ерекше көңіл бөліңдер. Олар – әулеттеріңнің қазынасы. Бейбіт өмірдің қадірін бағалаңдар».

Шынар Оразова